Жуырда Сарқан ауданындағы референдумды қолдау жөніндегі штаб мүшелері «Жетісу облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Сарқан филиалы ұжымымен кездесті. Кездесуде аудандық штаб мүшесі, Аналар кеңесінің төрайымы Гүлшарбан Қалиева президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы туралы айтып, соның ішінде АЭС салу үшін халықтық референдум өткізуге тапсырма берілгенін әңгімеге арқау етті.
Гүлшарбан Мырзабайқызы өз сөзінде жуырда Талғар қаласында орналасқан ядролық физика институтында болып, ғылыми қызметкерлермен жүздескендерін, АЭС салынса еліміз энергетика саласында көршілес мемлекеттерге тәуелділіктен арылып, экономикамызға инвестициялар салынатынын, экологиямыз түзеліп, жасыл экономикаға көшу бағытында жұмыстар да жасалынатыны туралы әңгімелеп берді.
Елдегі жылу орталықтарының көбі кеңес заманында салынғандықтан қазіргі талаптарға мүлдем сай емес. Қыс мезгілдерінде көптеген ақаулар шығып, тұрғындарды әуре-сарсаңға салып жүргені жұртшылыққа аян. Қазіргі энергия өндіріп отырған стансалар сенімді энергия көзі бола алмай отыр. Демек келешекке көмір, газ энергиясымен барамын деу кері кету болып табылады.
Архив ұжымы еліміз үшін маңызды жобаны қолдайтындықтарын, АЭС салу – заман талабы екендігін, 6 қазан күні референдумға барып өз таңдауларын жасайтындықтарын жеткізді.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Сарқан ауданы.