Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай аудан әкімі Марат Разбеков төтенше жағдайларға байланысты үйлерінен ұзап шыға алмай отырған Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің хал-жағдайларымен кеңінен танысты.
Бұл сапарда аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Күбентаев аудан басшысымен бірге аға буынды Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, арнайы дайындалған сый-сияпаттарын табыс етті. Ардагерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хаттарын алып, елеп-ескеріп қолдау көрсеткен билік өкілдерінің қамқорлығына марқайып қалды.
Марат Мелісұлы Пограничник ауылында тұратын Геннадий Ульянов, Қарғалы ауылының тұрғыны Алексей Галкин, Қойлық ауылындағы 97 жастағы майдангер Берлібек Ысқақов сынды аталарымыздың шаңырағында болып, ақ дастархан басында жылы жарқын әңгіме құрып, сый-сияпатын табыс етті. Майдангерлер сұрапыл соғыста болған оқиғаларды тағы бір мәрте ой сарасынан өткізді, майдан даласында қаза болған қаруластарын еске алып, келешек ұрпаққа бейбіт, тыныштық заман тілеп ақ баталарын ақтарды.
Өз тілшіміз.