Мал бордақылау алаңын аралады

Ауданымызда «Бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жұмыс жасап, онда алғашқы лекпен 30 адам дәріс тыңдап жатқанын бұдан бұрын да хабарлаған болатынбыз. Арнайы оқу бағдарламасын тәмамдағандардың курс аяқтағандығы туралы сертификат негізінде мемлекеттен төмен пайызбен несиеге қол жеткізетіндігін де айтқан болатынбыз.

Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бір айға жуық мерзімде теориялық және тәжірибелік білім беруге бағытталған. Оқып жатқандардың дені өз келешегін ата кәсіп-мал өсірумен байланыстырғысы келетіндіктен жақында облыстық Кәсіпкерлер палатасының Сарқан аудандық филиалының директоры Айдос Смайл және бизнес-тренер Әсет Джексембаның мұрындық болуымен дәріс тыңдаушылары Алмалы ауылдық округіндегі «Ерғалиев» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңында болып қайтты. Аталмыш шаруашылық етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырларын және жылқы бордақылаумен шұғылданады. Асыл тұқымды ақбас  мүйізді ірі қара жақсы күтім көрген жағдайда бір тоннаға дейін ет беретіндігі асылдың артықшылығын айғақтап тұрғандай. 160 бас зеңгі баба түлігімен қоса 90 бас жылқы малын жемдеуге қауқарлы қоражайды аралағандар соңында қожалық басшыларына көкейдегі сауалдарын қойып, ісінің өрістей беруіне тілектестік білдірді. Жалпы биыл «Бастау»  жобасы аясында облыс бойынша 3 мыңнан астам азаматты бизнеске оқыту жоспарланған.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу: