Мал ұрлығының алдын алу маңызды

Ауылшаруашылықты аудан болғандықтан өңіріміздегі малға қатысты кез келген мәселенің маңызы бар. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсері бар осынау дүниеде түйткілдің туындауы алаңдауға негіз барлығын аңдатады. Апта басында аудан әкімінің орынбасары А.Сәрсембаевтың төрағалығымен өткен жиын мал ұрлығының алдын алуға бағытталған шараларды жетілдіруге арналды.

Үстірт ойлаған жанға ұрлықтың алдын алу, оның салдарымен күрес жұмыстарына полиция ғана жауаптыдай болып көрінуі мүмкін. Ал қазіргі таңда белең алып отырған осынау ұрлық түрінің өрістеуіне тәжірибе көрсеткендей жан-жақтан тамыр алып отырғандығы әсер етуде. Азамат Сламжанұлы өз сөзінде қылмыстың бұл түрі өңірімізде 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31-ден 27 фактіге төмендегенін атап өтті. Бірақ бұның өзі біреудің маңдай тер, табан ақысы әлі де жеткілікті деңгейде қорғалмай отырғандығын көрсетеді. Малдарды бірдейлендіру, сырғалау жұмыстарындағы кемшіліктер, сатып алынған малды уақытылы тіркеуге қоймау яғни АЖС (ауыл шаруашылығы жануарларын сәй-кестендіру) деректер базасына енгізбеу, сатқан төрт аяқтыны есептен шығармау, ветеринариялық анықтаманы берудегі келеңсіздіктер, тасымалдау көзіндегі тиісті талаптың сақталмауы, сырттан келген түліктің арнайы рәсімдерді айналып өтуі сияқты өрескел қателіктер басқосуда айтылып жауапты мекеме басшылары сынға алынды. Оқырманға осы жерде АЖС яғни, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі деректер базасы барлығын айта кеткеніміз артық болмас. Сатылған, сатып алынған мал иесі оны арнайы тіркеуге қою үшін осы сайтқа, яғни АЖС деректер базасына жүгіну керек. Малды тіркеуге қойған соң әр басқа малдың жеке нөмірі беріліп, құлаққа сырға тағылады. Осы арқылы малдың нөмірін деректер базасына енгізіп қана малдың төлдеген жылын, денсаулығын, қай шаруашылыққа тиесілі екендігін білуге болады. Бұл рәсімдер малды сату, сатып алу үдерісін біршама жеңілдетеді. Бұның барлығы өз кезегінде мал ұрлығының алдын алуға өзіндік себебін тигізетіндігі сөзсіз.
Басқосуда аудан көлемінде эпизоотиялық шаралардың жүзе-ге асуы бойынша аудандық ветеринарлық станция директоры М.Сүлейменов, мал базарлары мен ет павильондарының жұмысы турасында аудандық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Бекибаев, жалпы қолға алынып жатқан шаралар жайында аудандық аумақтық ветеринариялық инспекция басшысы Қ.Сатылғанов баяндама жасады. Мал ұрлығына байланысты ауданда қалыптасып отырған ахуал аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Е.Ахметқалиевтың сөзіне арқау болды. Жиынды қорытқан аудан прокуроры Е.Андабаев тиісті мекемелердің (ветстанция, ветбөлім, ветинспекция) жұмысындағы жоға-рыда тізбеленген кемшіліктер салдары мал ұрлығына қолайлы жағдай туғызып отырғандығын тілге тиек ете келе заң талаптары аясында жұмыс жасауға шақырды.
Басқосуға жоғарыда аталған мекеме, бөлім басшыларынан бөлек, ауылдық округ әкімдері, зертхана, ветпункт меңгерушілері, жеке кәсіпкерлер қатысты.

П.ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: