Мал шаруашылығына –кең өріс

Апта басында ауданымыздағы алдыңғы қатарлы «Арлан» шаруа қожалығының базасында өңіріміздегі мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған басқосу болып өтті. Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, ветеринария басқармасының, «Асыл» тұқым орталығы ЖШС-ның өкілдері, қала, ауыл әкімдері, ауылдық ветеринария пунктінің меңгерушілері, малды қолдан ұрықтандырушы мамандар, қожалық басшылары, жалпы мүдделі тараптар қатысты.

Алдымен жиналғандар шара аясындағы арнайы көрмені тамашалады. Қазіргі таңда мал шаруашылығының ойдағыдай өрістеуіне кедергі кесел-түлік ауруларының алдын алу маңызды. Көрмеден келушілер осынау кеселге қарсы түрлі құрал-жабдықтарды, бірдейлендіру және қолдан ұрықтандырушы жаңа аспаптарды көріп, сондай-ақ жылжымалы зертхананың жұмысымен жақынырақ танысты. Аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков көрме басында ауру ошағын уақытында анықтау, оған тиісті шара қолданудың өзектілігін айта келіп, мал шаруашылығындағы басты міндеттерді атап өтті.

Сонау 1999 жылы іргесі қаланған  «Арлан» шаруа қожалығы қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қара өсірумен шұғылданады. Бершимбеков Қайраттың басшылығындағы шаруашылық құрамында ауқымды егістіктің, жайылымдық жердің болуы етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымды мүйізді ірі қарасын ойдағыдай бордақылауға мүмкіндік беруде. Заманауи мал сою алаңының қатарға қосылуы аталмыш қожалықтың тағы бір артықшылығы деуге болады. Үш ірі қара қатар сойылатын қасапхана қызметін кез келген жан пайдалана алатын болады. Көлемді ет сақтауға арналған тоңазытқыш та өнім сапасының ойдағыдай болуына қызмет етпекші. Шараға жиналғандар қасапхана ішін аралап көріп, 150 басқа лайықталған бордақылау алаңының жұмысымен танысты.

Жиынның ресми бөлімінде негізгі баяндаманы аудан әкімінің орынбасары Арман Мұқанов жасады. Жалпы аудандағы мал шаруашылығының бүгінгі таңдағы жай-күйіне жан-жақты тоқталған Арман Тұрсынұлы оның ішінде төрт түлік өнімдерінің өндірілуі, өңделуі жайында, алдыда тұрған міндеттер асыл тұқымды шаруашылық санын арттыру, мал бордақылау алаңдарын көптеп іске қосу, мал ауруларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды сарапқа салды. Бұдан соң сөз тізгінін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Димаш Сыдықов ұстап, мемлекеттің малшы қауымға көмегі-субсидия алу тәртібін түсіндірсе, облыстық ветеринария басқармасының эпизоотологиялық бөлімінің басшысы Досымжан Жәрдембеков мал ауруларының алдын алу және онымен күрестегі кемшіліктерге тоқталды. Ауданымыздағы 13 ауыл-дық округтегі 86 ветеринариялық дәрігерлердің жұмысындағы кейбір кемшіліктер де сөз болды. Облыстан келген меймандарға қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, оған жауаптар берілді. Жиын жұмысын аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы қорытындылады.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: