Мал өскенімен, жер өспейді

Ауыл – қазақтың қара шаңырағы. Ауылды асырап отырған –  төрт түлік мал. От оттап, тұнық су ішетін сол малдың жайылымы қандай күйде?

Сарқан өңірі – аграрлы аймақ. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім аудан экономикасының негізін қалайды. Ауыл диқандарының алдына өнімнің көлемін жыл сайын арттыру міндеті қойылған. Ал алынатын өнімнің көлемін арттыру дегеніміз игерілген жердің көлемін ұлғайтуға апармай ма? Ауыл тұрғындары осындайда жайылымдық жеріміз тарылып қалмас па екен деген күдік жетегінде жүреді.

Алайда әр ауылдың жайылымдық жері картада белгіленген. Бастапқыда алқаптарды жекешелендіріп алған шаруа қожалық иелері өздері меншіктенген жерлерді күре жолға дейін қоршап та алған болатын. Кейіннен үкіметтің ауыл айналасындағы радиусы 5 шақырымға дейінгі жерлер ауыл тұрғындарының жеке азын-аулақ мал жайылымы үшін қолданылуы керек деген қағидасын сақтап, жайылымдық жер бекітіліп берілді де. Соған қарамастан жыл сайынғы әкім есебінде жайылымдық жер мәселесі көтеріліп қалады. Оның себебі – қолдағы жеке меншік малдың өсімінде. Мал басы өскенімен жер көлемінің ұлғаймайтындығы ақиқат емес пе?

Ауылда қауымдастық бар. Ақсақалдықтың жүгін аудармай алып келе жатқан үлкендеріміз бар. Сол қауымдастық ел еңсесінің түзу болуын мақсат тұтуы тиіс. Сауын сиырларды ғана ауылда ұстап, қалған тұяқтыларды жайлауға шығартуды ойластыруы керек. Сонда жайылым тозбайды, қолда бар мал басы қысқы кезеңге қоңды келеді. Осыны көп болып ойластырып, қолда ұстайтын мал басына шектеу қою туралы ұсыныс енгізетін уақыт жетті.

Жомарт Игіман,

Мәліметпен бөлісу: