Малшы қыстауларын аралады

Қытымырлығын барынша көрсеткен биылғы қыс барлық салаға сын болып тұр. Әсіресе қиыр қонып, шет жайлаған малшы қауымның қыстан қысылмай шығуы барынша маңызды. Басшылық тарапынан үнемі бақылауда тұратын осынау мәселе бойынша арнайы жұмысшы топ та құрылған болатын. Аталмыш топтың мақсаты малшы қауымның хал-жағдайын, қажеттіліктерін білу, төтенше жағдайлардың орын алуына жол бермеу.

 

Жақында осынау топ аудан әкімінің орынбасары А.Мұқановтың бастауымен бірқатар ауылдық округтердегі қыстауларды аралап қайтты. Құрамында дәрігер, полиция қызметкерлері, ветеринарлық пункт меңгерушілері, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің қызметкерлері және т.б. салаға жауапты мамандар түлік соңындағы жандардың тірлігін көзбен көріп тиісті көмек көрсетті. Қарауындағы малдарын жүдетпей, шығынсыз шығару үшін шаруалар табиғи жайылымдарды тиімді пайдаланып, қолдағы жем-шөбін үнемді қолдануда. Алдағы айрықша кезең мал төлдету науқанына да дайындық жасалуда. Мол жем-шөп қоры соған негіз. Алмалы, Екіаша, Амангелді ауылдық округтерінің бірқатар қыстауларына ат басын бұрған жұмысшы топ қора-жайдың қолайлылығын, жем-шөптің жеткіліктігін, азық-түлік, дәрі-дәрмектің барлығын көріп, малшы мәселесіне қанығып қайтты.

Аудандық ауылшаруашылық бөлімі

Мәліметпен бөлісу: