Мазмұнды диалогтың маңызы зор

Жуырда Сарқан ауданына ат басын бұрған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абсеметова Әлия Маратқызы сарқандықтардың жылдар бойы қордаланған мәселелерімен жете танысты. Жұмыс сапары барысында депутат Бақалы ауылдық мәдениет үйінің ғимаратында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті.

Елді мекендерде ауызсу мәселесі шешімін тапқанымен суармалы егістіктің жаз мезгілдерінде судан тапшылық көруі, жайылымның тарлығы, егістік алқаптың аумақты бөлігін иеленіп алған ірі жер иеленушілердің ел ризығына ортақтасуы, коммуналдық төлемдердің, азық-түлік бағасының жылдан жылға қымбаттауы кеңінен талқыланды.

Түстен кейін Әлия Маратқызы «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалының  мәжіліс залында аудан тұрғындарының өкілдерін қабылдады. Қаржы пирамидасынан алданып, күнделікті нәпақасынан айырылып отырғандардың нала-реніші, кеңжолақты интернеттің жетімсіздігі, Сарқан қаласындағы қоқыс полигонының қоршалмағандығы, Бірлік ауылындағы мектеп құрылысының қарқын ала алмауы, дәрі-дәрмек бағасының қолжетімсіздігі, тұрғын үй кезегіндегілердің алаңы, тағы да басқа өзекті мәселелер қоғамдық қабылдауға келгендердің сауалына арқау болды. Ауданда шешімін табатын мәселелерді аудан әкімінің орынбасары Асхат Қалиасқаров назарға алатындығын, Мәжіліс депутаты жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерінің ескерілетіндігін көпшілікке жеткізді.

Ж.МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: