«Алакөл-Қамқор» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен белгілі саясаткер, демограф, ғалым Әзімбай Ғали апта басында ауданымызға сапарлап келді. Сапар мақсаты Елбасымыздың жуырда жұртшылыққа жол тартқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының басым бағыттарын кеңінен түсіндіру. Осы мақсатта аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында әлеуметтің әртүрлі топтарының басын қосқан ауқымды жиын болып өтті.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Ғ.Маманбаев ашып жүргізіп отырды. Негізгі сөзді тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Бейсетбайұлы алып Елбасы мақаласына атап көрсетілген жеті ұғымның тамыры тереңде екендігін нақты дәлелдер мен дәйектерді келтіре отырып толықтырды. Мақалаға мәйек ұғымдардың тұғырлы, тамырлы екендігін шәкіттердің қалың қатары құрап отырған қатысушыларға ұғынықты тілмен жеткізе білді. Сөзін тарихпен сабақтастыра сөйлеген жерлесіміз сондай-ақ Елбасының салиқалы саясаты, Отаншылдық турасындағы толғамды ойларымен бөлісті.
Арнайы келген мейманға жиын соңында Ғалымжан Қанатұлы алғысын білдіріп, басқосуды қорытындылады.
Өз тілшіміз.