Соңғы жылдары медиация, медиатор сөздері қоғамда кеңінен қолданылып, құлағымызға сіңісті болып барады. Жалпы, «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден — бір жолы, яғни тараптарды қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Қазақ халқы үшін медиация саласының негізгі мақсаты — бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі ретінде қаншама ғасыр бойы қалыптасты. Тура биде туған жоқ, бұрған биде иман жоқ деп әділдікті, туралықты ту еткен, қара қылды қақ жарған –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дара тұлғаларымыз ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Яғни, медиация заңы аты бөлек болғанымен заты қазақ халқы үшін жат дүние емес.
5 тамыз республика бойынша Медиация күні болып бекітілген. Медиатор араздасушы екі жақ тараптармен жеке әңгімелесіп, барынша әділетті және ұтымды амалдарды қолдануымен ерекшеленеді. Көптеген азаматтарымыз дауды сотқа беріп қойған соң, қайтып алуға болмайды деп қате ойлайды. Медиацияның ерекшелігі сол дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлар шешіміне ұсынуға болады. Оған мына сөздерім жарқын мысал.
Қазіргі күні ауданымызда сот ғимаратының ішінде медиация кабинеті ашылып, 1 кәсіби, 9 қоғамдық медиаторлар жемісті жұмыс істеуде. Аталған медиаторлар арқылы аудан бойынша 2016-2022 жылдар аралығында 797 отбасы сотқа дейін, ал 187 отбасы сот барысында бітімгерлік арқылы сақталды. Ағымдағы жылы 97 түрлі деңгейдегі мәселелер бітімгерлік арқылы шешілді. Жалпы, медиаторлар тұрмыстық, жеңіл дәрежедегі қылмыстар тарапы және орташа қылмыс тараптары бойынша медиация қаралымы өткізіледі. Сондықтан дауласушы тараптарды татуластыратын, ағайын арасындағы ауызбіршілікті бәрінен жоғары қойып, ел тұтастығына қызмет ететін медиацияның, медиаторлардың рөлі айрықша деуге толық негіз бар.
Күлшарбан ҚАЛИЕВА,
Сарқан ауданының кәсіби емес медиаторы.