Медиация – дауларды шешудің баламалы түрі және ең танымал формасы болып табылады. Дамыған мемлекеттердің статистикасы медиация үрдісінің 83-85% — ға тиімді екендігін көрсетті, сонымен қатар медиация – ол медиатордың қатысуымен тараптарды татуластыру рәсімі деген пікір қалыптасқан.
Медиация институты қазаққа жат емес, себебі медиацияның процедурасы біздің қазақ билерінің дауларды шешу тәртібіне ұқсас. Сол себепті, медиацияны көп жағдайда алаш жұртында орын алған ежелгі билер сотымен салыстырады. Оның бірден-бір себебі – медиацияның бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталуы.
Медиацияның мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді, әрі өзара бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылыға медиация барысында жеңген немесе жеңілген тарап болмайды, себебі екі тарап та өздеріне тиімді болатын компромисске келеді.
Тағы бір атап өтетін оңтайлы жақ – ол қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігі және уақыт үнемділігі. Мысалы, сотта іс ұзаққа созылады, ол тіпті бірнеше айларға созылуы мүмкін, сонымен қатар сот отырыстары бірнеше мәрте белгіленуі мүмкін, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі себепті кейінге қалдырылып қолайсыздықтар туындатады. Осы орайда медиацияның келесі ерекшеліктерін атап өтуге болады: тараптардың еріктілігі және жеңілдетілген шараның бейресмилігі. «Медиаторға жүгіну қажет пе, әлде жоқ па?» дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Медиация барысында тараптардың тең құқықтылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер де жүктеледі. Сонымен қатар, медиацияны өткізетін тұлға іс бойынша сот қандай шешім қабылдауы мүмкін екенін тараптарға ашық айтады. Нәтежиесінде тараптар істің немен аяқталуы мүмкін екенін ескеріп, екінші тараппен келісімге келуге әрекет етеді.
Қорыта келе, медиация институты – азаматтық қоғамның дамуының белгісі. Себебі мәселені сотқа жеткізбей шеше алу – адам құндылықтары мен көзқарасын жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі.
А. ДОСАНОВ,
Сарқан аудандық сотының төрағасының м.а.