Осындай тақырыппен аудандық мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған мерекелік шара өтті. Ел – жұрт арасында ақжелеңді абзал жан деп ардақталатын мамандық иелері сол күні көпшіліктің шынайы ықыласына куә болды. Бұл мереке адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің, медбикелер мен дәрігерлердің ерен еңбегінің дүйім жұртшылық тарапынан бағаланатын күні екендігін мерекелік концертке қатысқандар риясыз сезінді. Мемлекеттік Гимнмен ашылған салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғалымжан Маманбаев аудан жұртшылығының атынан ақ тілегін жеткізіп, еселі еңбегімен ерекшеленген медицина қызметкерлеріне Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарын, осы басқарманың және аудан әкімінің Құрмет грамоталарын, облыстық денсаулық сақтау кәсіподағының марапаттарын табыс етті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков медицина саласы ардагерлеріне сый-сияпатын арнаса, аудандық орталық аурухананың директоры Алтай Шұлғаубаев жекелеген мамандар мен бөлімшелерді өз атынан және кәсіподақтың атынан құттықтап, мерекелік кәдесыйларын табыс етті. Осындай сый – құрметке ризашылығын аудандық орталық аурухананың ардагері Наталья Поповичева, жас маман Жаңабек Каналбеков жеткізді. Медицина қызметкерлерінің мерекесі сол күні аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің, аудандық аурухана жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамбілінің тақырыптық ән-күйлерімен ажарлана түсті.
Өз тілшіміз.