Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты құттықтауы

Құрметті ауыл еңбеккерлері!

Баршаңызды астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтаймын!

Биылғы егін егу науқаны коронавирус пандемиясы салдарынан елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайда жүргізілді. Негізгі астық өсіретін облыстарда жаз маусымы жауын-шашынсыз, құрғақ болды. Күрделі жағдайда жұмыс істеуге тура келді.

Соған қарамастан, еліміздің егіншілері ұйымшылдық танытып, ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді уақытылы аяқтады. Нәтижесінде қамбаларымыз астыққа толды.

Бүгінде ел өңірлерінде 20 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, сондай-ақ, экспорттық әлеуетімізді арттырып, Қазақстанның астық державасы мәртебесін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Егін жинау науқаны бір айға ерте аяқталып, қоймаларға екі есе көп астық жиналды.

Биылғы жиналған астықтың сапасы жоғары және барлық талаптарға сай келеді.

Құрметті диқандар, сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, агротехнологияны қатаң сақтағандарыңыздың және барлық күш-жігерлеріңізді жұмылдыра білгендеріңіздің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілді.  

Ауыл еңбеккерлерінің еңбексүйгіштігі мен табандылығы ауылды қайта түлетуге, шаруалардың тұрмысын жақсартуға зор ықпал етті.

Агроөнеркәсіп кешенінің міндеттерін табысты шешудің негізі сіздердің жоғары біліктіліктеріңізге, таңдаған мамандықтарыңыз бен даңқты дәстүрге деген адалдықтарыңызда деп сенімді түрде айтуға болады.

Қажырлы еңбегі мен диқаншылық міндетке деген адалдығы үшін барлық ауыл еңбеккерлеріне, ардагерлерге, өндіріс озаттарына ризашылығымды білдіремін!

Елімізді өркендету жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Мәліметпен бөлісу: