
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Талдықорған қаласында және Кербұлақ, Қаратал, Сарқан аудандарында мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет қабылданған 7 жас маманның салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл маңызды шара – ел тәуелсіздігінің, бірлігі мен тұтастығының нышаны саналатын мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің айқын көрінісі болды. Мемлекеттік қызметке қадам басқан әрбір жас маман үшін бұл күн ерекше тарихи мәнге ие. Жас қызметкерлер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек етуге салтанатты түрде ант берді. Ант қабылдау – тек рәсім емес, ол – жүректен шыққан серт. Бұл күні айтылған әрбір сөз – Отан алдындағы жауапкершілік пен патриоттық сезімнің белгісі. Жаңа қызметке кіріскен мамандар мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған бұл рәсімнің ерекше рух сыйлағанын атап өтті. Осындай тағылымды дәстүрлер жас буынның бойында мемлекеттік қызметке деген жауапкершілікті арттырып, ел болашағы үшін адал еңбек етуге шабыт береді.
