Мемлекеттік шекараны қорғау – абыройлы міндет

Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің құрылғанына 27 жыл. Осынау мерекеге орай ұйымдастырылған мерекелік эстафетаны өңіріміз салтанатты түрде қабылдап алып, Алакөл ауданына табыстады. Патриоттық шара М.Тынышбаев атындағы орталық алаңда аға буын өкілдерінің, Ауған соғысының, Чернобыль апатын жоюға қатысқан жерлестеріміздің, түрлі күштік құрылым қызметкерлерінің, аудан тұрғындарының қатысуымен өтті. Сондай-ақ 1969 жылдың тамыз айының 12-нен 13-не қараған түні Қытай Республикасымен аралықтағы Алакөл ауданы, Жалаңашкөл шекара заставасында екі ел арасында қарулы қақтығыс болған болатын. 2 сарбаз қайтыс болып, 12-сі жараланған  сол оқиғаға биыл 50 жыл.

Мемлекеттік шекараны кірпік қақпай күзетуші шекарашы сарбаздарды ақ жаулықты әжелеріміз дәстүрге сай дәммен қарсы алып, құрмет көрсетті. Алғашқы сөзді 2484 әскери бөлім командирінің құқықтық тәрбиелеу, идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Р.Важитов алып, өткізіліп жатқан жиынның басты мақсатын түсіндіре келе тәуелсіздігіміздің басты белгілерінің бірі – мемлекеттік шекараны қорғау өздеріне зор абырой екендігін жеткізді. Сарбаздарды атаулы датамен шекара қызметінің ардагері Н.Головенкин, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Жанасбеков, тарихшы-өлкетанушы А.Нижников құттықтап жылы лебіздерін білдірді. Аудан әкімі Марат Разбеков шараға орай сөз сөйлеп мемлекеттік шекараны қорғаудағы сарбаздардың ерен еңбегін тілегіне арқау етті. Өңірімізден өтетін 67 шақырым шекараны күзетуде 2484 әскери бөлім қызметкерлері үнемі қырағылық, Отан алдындағы анттарына адалдық танытып келе жатқандығын тек биылдың өзінде 83 заңсыз шекара бұзу оқиғасының алдын алғандығынан айқын аңғаруға болатындығын тілге тиек еткен Марат Мелісұлы бұдан былай да шекарашылар өздеріне жүктелген зор жауапкершілікті ақтай беретіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ өңір басшысы «Покатиловка» заставасының атауын ауған соғысында қаза болған жерлесіміз, шекарашы, лейтенант Урманов Ринат Мнировичтің есімімен атау жөніндегі ұсынысын білдірді. Өз кезегінде  орынды ұсыныс жұртшылық тарапынан қызу қолдауға ие болғандығын айта кеткеніміз жөн. Арнайы рәсімдік эстафета мен қасиетті байрақтарды берік қолға қондырған шекарашылар бұдан соң тұлпарларымен сап түзеп, көпшілік құрметімен жолға түсті. Өскелең ұрпақты ең ұлы сезім — Отанды сүюге, оның басты құндылықтарын көз қарашығындай аялауға, аға буынға, шекарашыларға деген құрметке тәрбиелейтін шараны аудан өнерпаздары рухты әуендермен әрлеп түйіндеді.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: