Қазақстан Республикасының Президентінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы Жарлығымен маусым айының 23-і мемлекеттік қызметші күні болып белгіленген болатын. Содан бері халыққа қалтқысыз қызмет етуді абыройлы міндет деп ұғынған осынау сала өкілдері төл мерекелерін жыл сайын атап өтеді.
Жуырда аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында осынау айтулы күн айшықталып, лайықты атап өтілді. Жиналғандарды алдымен аудан әкімі Марат Разбеков мерекемен құттықтады. Бұдан соң аудан басшысының қолынан мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен беделін арттырудағы жемісті еңбегі, жүйелі жұмысы үшін Алматы облысының әкімі А.Баталовтың Құрмет грамотасы, Алғыс хаты өз иегерлерін тапса, тағы бірқатар жандар ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы С.Нұрғисаевтың алғыс хатымен марапатталды. Жақында облыс көлемінде мемлекеттік қызметкерлердің ХІІ жазғы спартакиадасы өтіп, аталмыш сайыстың баскетбол бәсекесінде жалпы командалық есепте ауданымыз жүлделі І орынды жеңіп алып, мерейімізді үстем еткен болатын. Жеңімпаздарға көпшілік алдында құрмет көрсетіліп, қол соғылды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін ауданның Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаты марапат иелерінің мерейлерін өсірді.
43 жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Сарқан ауданының Құрметті азаматы Қадыл Жанасбеков мерекелік лебізін ақтарса, мемлекеттік лауазымға жаңадан тағайындалған Алмалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлім Дарихат салтанатты түрде ант берді. Шара әсем әнмен өріліп, мерекелік ауан өз жалғасын тапты.
Өз тілшіміз.