Мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, олардың кәсіби қызметіне құрметпен қарау – мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды қағидаттардың бірі. Осы бағытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілердің абыройына нұқсан келтіретін, кемсітетін немесе олардың қызметіне заңсыз араласуға жол бермейтін қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ақпараттық науқанның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілерге қатысты әдеп нормаларын сақтау, өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту, сондай-ақ жұмыс орнында қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастырудың маңыздылығын қоғамға түсіндіру.
Мемлекеттік қызметшілер де қоғамның бір бөлігі. Олардың кәсіби қызметіне сын-пікір айтылған жағдайда, ол әдеп нормалары мен қолданыстағы заңнама талаптары шеңберінде, құрметпен және объективті түрде жүргізілуі қажет. Әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпараттың мазмұнына жауапкершілікпен қарау, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын пікірлер мен жарияланымдарға жол бермеу – ақпараттық мәдениеттің маңызды бөлігі.
Сонымен қатар мемлекеттік органдарда қызметкерлер арасында өзара құрмет, сенім, әдептілік және кәсіби қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Қолайлы моральдық-психологиялық орта мемлекеттік қызметшілердің тиімді жұмыс істеуіне және халыққа сапалы қызмет көрсетуіне оң ықпал етеді.
Ақпараттық науқан аясында БАҚ-та мақалалар мен түсіндірме материалдар жариялау, әлеуметтік желілерде ақпараттық жазбалар, бейнероликтер мен жадынамалар тарату арқылы қоғамның құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыру көзделеді.
Құрмет – кәсіби қарым-қатынастың негізі. Ар-намыс пен қадір-қасиетті сақтау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
