Жуырда аудандық мәдениет үйінде «Азаматтық қоғамға қолдау көрсету, оның әлеуетін нығайту, серіктестікті дамыту» тақырыбында жиын өтті. Іс-шараның басында сөз алған аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігінің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес төрағасы Алмас Байғұнысов жиынның азаматтық қоғамға қолдау көрсету, үкіметтік емес секторының жұмыс сапасын және кәсіби деңгейін арттыру, дамыту, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестік қарым–қатынасын жаңа деңгейге көтеру, өзара ынтымақтастықты жалғастыру бағытындағы мақсатына жан-жақты тоқталды.
Жиынға Жетісу облысы білім басқармасының, Сарқан ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары,үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестің мүшелері, белсенді азаматтық қоғам өкілдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ата-аналар комитетінің жетекшілері, жастар өкілдері қатысты.
Аталған жиынға арнайы келген Жетісу облысының Азаматтық альянсының Президенті Дания Қыдырбаева Азаматтық альянстың атқарып жатқан шаруаларын өз сөзіне арқау етіп, «Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестік қарым–қатынасын жаңа деңгейге көтеру, өзара ынтымақтастықты жалғастыру» тақырыбында баяндама жасады.
Келесі кезекте «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің саяси партиялармен және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Салтанат Тазабекованың баяндамасы тыңдалып, жиын жарыссөзбен жалғасты да ішкі саясат, білім, жастар, жұмыспен қамту салалары мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынас талқыланды.
Сонымен қатар, Сарқан ауданның тұрғындары арасында азаматтық қоғам институттарының өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жоба бойынша ақпараттық- түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жобаның сауалнамасы таратылды.
Басқосу соңында аудан әкімінің орынбасары Алмас Байғұнысов мен «Жетісу облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумдға қол қойылды.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ.