Кеңестік қызыл империяның қанды қылышы мен қолдан жасалған аштығы, қуғыны қандастарымызды тарыдай шашты. Өлгені өлді, тірісі шет асып жан сақтады. Қазақтың шексіз байлығы – тәуелсіздіктің арқасында қиырдағы бауырлар ордалы жұртқа олжа болып оралды. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, қаламдасымыз Бекен Қайратұлының «Мен атамекенге қалай келдім» атты мақаласы тағдыр тәлкегіне түскен қандастарымыздың елге-жерге деген шынайы ықылас-пейілін танытады.
Мен туғанда, яғни, есімді білгенде ортам тап-таза қазақ еді. Кәдімгі көшпенді өмір болатын. Біздің үй көктемде мал төлдету үшін қыстаудан көшіп, аралға барады. Ол жерден Қобда өзені тасымай тұрғанда тезірек көшіп жайлауға беттейді. Көшкенде кәдімгі түйемен көшеміз, біз сияқты боқмұрын балалар жүкті түйенің үстінде кебеженің ішінде, шайқалып кетіп бара жатамыз…
Маған тұңғыш рет «Қазақстан» дейтін ел барын естірткен осы радио. 1970 жылы жасым жетіге толып, сабаққа бардым. Үш кластық бастауыш мектеп. Оқыған әліппеміз қазақстандық еді. Жарты жылдан кейін (әліппені аяқтаған соң) қолымызға «Ана тілі» дейтін оқулықты ұстатты.
1980 жылы орта мектепті тәмамдап, Ұлан-батыр қаласындағы Әскери институтқа курсант болып қабылдандым. Қырық бес қонақ карантинде ұстады. Аса ауыр сынақтан өттік. Күніне 15-20 шақырым кросс жүгіреміз. Жолымызда Кеңес Армиясының әскери қосындары орналасқан. Биік дуалдың сыртына солдаттар қиқалақтатып жазулар жазыпты. Жүгіріп келем, оқып келем… «Чимкент» деп тұр. Көзіме оттай басылды. Қаптаған қалқа-моңғолдың ортасына үйірлесе алмай жүрген мен бейбаққа ана жазу қол бұлғап тұрған атажұртым сияқты елес берді…
Ақыры Қазақстанға ел көшті. Бұл 1991 жылдың наурыз айы болатын. Иә, ақсарбас, енді не тұрыс!!! Тура мамыр айының басында басшылықтың атына армиядан босату жайлы өтініш жаздым. Ол кезде қызметтен оңай-оспақ босата қоймайтын. Екі апта өтті. «Жолы болсын!» деген қуанышты хабар жетті. Біз пақыр «Әлей болсынды» айтып үлгермей, қолма-қол көшуге бел байладық. Мұндай мүмкіндік ғасыр тұр ғой бір дәуірде туа бермес.
Сонымен, Қазақ еліне көшетін болдым. Байқасам, Қобда қаласынан тағы бір топ көшпекші екен. Бәрін тізімге алдым. Тура 100 үй. Бұлардың құжат-анкетасын жинап алдым да Ұлан-батырға барып бәріне паспорт жаздырдым. Мына жақта ел не боп жатыр екен деп Бай-өлкеге келдім. Қазақстанға көшуге 800 үй тіркеліп қойыпты. Арнайы Еңбек биржасы деген құрылыпты. Бастығы Барбол Қызылұлы дейтін еңгезердей азамат екен. Соған бардым. Ол кісі бірден:
– Сен жігітім, офицер көрінесің, мына жұмысқа көмектессең қайтеді?
– Ләпбай, не істеуім керек?
– Ел көшіріс.
– Дайынмын.
Барекең екеуміз Бай-өлкеден көшетін 800 отбасының (ұмытпасам, 21 мың адам) құжат-қағазын және пойызға билет алу үшін қаржы-қаражаттарын жинап алып Ұлан-батырға тарттық. Қаладағы Темір жол техникумының 4 қабат жатақханасын жалдап алдық. Моңғолдың жолаушылар тасымалдау әуе агенттігіне барып, олармен келісіп барлық жолаушылар ұшағын Бай-өлкеге бұрдық. Аймақтан күніне 5-10 ұшақ адам келеді. Оны қабылдап алып, ақшасын беріп сатып алған екі составқа тиеп Ресейдің Наушке бекетіне жеткіземіз. Наушкеде Қазақстанның барлық облысынан мыңдаған адамдар келіп қазақтарды алып кетуге күтіп жатыр. Бастығы Марат Қонақбаев деген – ҚР Еңбек министрлігінің өкілі. Мәкең қазақтарды сол жерде облыс-облысқа бөліп таратып беріп жатыр. Осының бәрін ұйымдастырған сол кездегі Еңбек министрі Саят Бейсенов деген адам. Саят ағамыз Ұлан-батырға келіп, көшіп жатқан елді көзімен көрді. Барбол ағама: «Көшті тоқтатпаңдар!» – деп бұйырды.
Ең соңында пойызға отбасымды алып өзім отырдым. Наушкеде Марат Қонақбаев көкем күтіп отыр екен. «Осымен бітті, соңғысы менмін» дедім. Марат көкем: «Сен қайда барғың келеді?» – деді. «Қалаған жеріңе жеткізем». Артынан осы сәтті көп ойландым. «Тура Алматыға барам» деп неге айтпадым екен.
– Мен Шығыс Қазақстан облысына қарасты Тарбағатай ауданына барам, – дедім. Марат аға қолма-қол Шығыс Қазақстанның өкілін шақырды.
– Мына жігіт Тарбағатайға барады. Қызық болғанда, Наушкеде Тарбағатай ауданның өкілдері де жүр екен. Сау етіп он шақты қазақ жетіп келді. Ішінде қару-жарақ асынған милициясы бар. Осылар қолтықтап ала жөнелді. Осы милиция жігіттің аты Сержан Шөкеев екен. Артынан қимас дос болып кеттік. Қазір зейнетке шыққан, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында тұрады.
Тарбағатайға баратын себебім: Қазақстанға көшуді ойлаған күннен бастап «Қайда баруым керек?» деген сұраққа басым қатты. Содан ҚазССР энциклопедиясы дейтін 12 томдық зілдей кітапты екі апта ақтарып қоныс іздедім. Сол кітапта: «Кеңес заманында құжат-қағаздары қазақ тілінде жүргізген жалғыз аудан бар. Ол – Тарбағатай» деп жазылған екен. Осы сөз менің ол жаққа атбасын бұруыма себеп болды. «Қайда барсам да, қазағы тұнық жерге барайын».
Түнде пойыз Жалғызтөбе стансасына келіп тоқтады. Сол жерде біз баратын совхоздың көлігі күтіп тұр екен. Отырғызып алды да салдырлатып тартып отырды. Жүріп келеміз. Жолды жатқа білемін. Картадан қарап біліп алғам. Қасымда совхоздың кәсіподақ ұйымының басшысы қара мұртты біреу отыр. Мен болсам әлгі адамға, алдымызда Көкпекті, одан кейін Ақсуат, Ақжарға да таяп қалдық… деп әңгіме айтып қоям. Мұртты үнсіз. Маған біртүрлі ежірейіп қарайды. Сөйтсем ол бейбақ менен қорқып келе жатыр екен. «Бұл пәле бәрін қайдан біледі, мынау нағыз тыңшы шығар». Бұл – мұрттының ойы. Артынан маған өзі айтып, қарқ-қарқ күлгені бар.
1991 жылдың қыркүйек айының 28 күні таңғы сағат 10.20-да әйелім және үш ұлым бар жалғыз отбасы ШҚО Тарбағатай ауданы Қазақстан қой совхозына көшіп келдік.
Бұл күздің қылаң бере бастаған мезгілі-тін. Тура қазанның 1-күні совхоз берген қара купәйке мен керзі етікті киіп алып, жұмысқа шықтым. Кешегі түкірігі қан татыған жалынды жас офицер – совхоздың қара жұмысшысы. Бір жақсысы, мені ешкім танымайды. Ауыл айтады: «Совхозға моңғолдан бір қара жұмысшы кепті». Бірақ, мен еш ренжімедім. Себебі, бұлай боларын жүрегім алдын ала сезді. Екіншіден, түрмеде жүргем жоқ, атамекенде қазақтың қара жұмысын істегенде не тұр, дәтке қуат отбасым қасымда…
Қара басымда жалғыз мақсат болды. Бұл өмір мәңгі емес. Шыдамақ керек және өзімді дәлелдеуім қажет. Ол үшін не істеймін? Жазу яғни, мақала жазуды үйренейін, мүмкіндік болса өлең жазып көрсем қайтеді. Неден бастасам екен?
Сол күндері маған ең көп қойылатын сұрақ мынау еді: «Қайдан келдің?», «Неге келдің?», «Не әкелдің?». Осыған өлең жазып жауап берейін:
Алтай таудың ар жағынан келдім,
Бай-өлке аймағынан келдім,
Әлі өңі бұзылмаған,
Қазақтың қаймағынан келдім.
Алтайдың өрінен келдім,
Мұңғылдың жерінен келдім,
Дастарқаны жиылмаған,
Қазақтың төрінен келдім.
Құпия сеніммен келдім,
Кеппеген теріммен келдім,
Атамекенімді аңсап,
Туған жерімнен келдім.
Таулы алқаптан келдім,
Әрине, алшақтан келдім,
Қазақи сағынышымды,
Сағынышымды тарқатқалы келдім.
Жан мұңымды айтайыншы деп келдім,
Қазақ күйін тартайыншы деп келдім.
Қазақстан орыстанып барад дейді,
Рас па екен байқайыншы деп келдім.
Алтын Ордам көрейінші деп келдім,
Қолым ұшын берейінші деп келдім.
Шетте тудым, шетте өстім, ағайын,
Дәл ортаңда өлейінші деп келдім.
Атамекен нұр алайын деп келдім,
Шертіп бір күй уанайын деп келдім.
Сен жыласаң, жоқтау айтып тоқтаусыз,
Сен қуансаң қуанайын деп келдім.
Атамекен, айналайын, деп келдім,
Күтіп алар бар ма, ағайын деп келдім.
Қасіретің тұнып жатса көкейде,
Жырың болып сорғалайын деп келдім.
Дұшпандарды бұқтырайын деп келдім,
Кірмелерді ықтырайын деп келдім.
Шетелде қазақтар бар айбарлы,
Құдіретін ұқтырайын деп келдім.
Дүниеден бір кетейін деп келдім,
Мәңгүрттерді күлкі етейін деп келдім.
Салт-сана мен дәстүрімді сіздерге,
Ұға алсаң, үлгі етейін деп келдім.
Сағыныш-сырымды әкелдім,
Шықпаған үнімді әкелдім.
Ешбір дақ түспеген,
Тап-таза тілімді әкелдім.
Асылдың сүйегін әкелдім,
Ғасырдың тілегін әкелдім.
Ескі қазақтың,
Аңқау жүрегін әкелдім.
Бабамның мұратын әкелдім,
Қажымас қуатын әкелдім.
Ескі қазақтың,
Инабат-ұятын әкелдім.
Өнердің көрмесін әкелдім,
Қыздардың зердесін әкелдім.
Сіздер ұмытып қалған,
Қазақтың бейнесін әкелдім.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ.