Менің болашақ мамандығым

Жақында «Нұр Отан» партиясының бірегей жобаларының бірі «Сәтті қадам» аясында «Менің болашақ мамандығым» атауымен аудандық мәдениет үйінде жас буынның басын қосқан ауқымды жиын болып өтті. Мың түрлі мамандық турасында ой өрбіткен отырыста ұзақ жылдарын ұстаздыққа арнап, өңірдің әлеуметтік мәселелерінің оң шешім табуына өзіндік ықпал етіп келе жатқан облыстық мәслихаттың депутаты Бану Құлахметова өзі түлеткен түлектерін үлгі етіп, Отанымыздың болашағын баянды етуде бүгінгі жас буынға үлкен үміт артатындығын білдірді. Аудандық орталық аурухананың дәрігері Жәнібек Қарабеков жастарды өзі таңдаған кәсіптің қыры мен сырына үңілдірсе, зейнет демалысына шықса да ауданның қоғамдық-саяси шараларына ерекше атсалысып келе жатқан ұлағатты ұстаздардың бірі Күлшарбан Қалиева мерейлі мамандық-мұғалімдік хақында тағылымды пікірімен бөлісті. Шарада №1 мектеп-гимназияның оқушысы Мадина Сағынбай таңдауы түскен, мемлекетіміз үшін экономикалық-әлеуметтік маңызды салалардың бірі – туризм мамандығының артықшылықтарын айшықтап, жастық жігерін еліміздің өркендеуіне жұмсайтындығын жеткізсе, қызығынан қиындығы көп, жауапкершілігі жоғары білікті дәрігер атану Абай атындағы мектеп-гимназияның шәкірті Гүлім Сердалының асқақ арманы. Жүректерінде жігер жалындап, бойларында қайрат арындаған жастардың таңдауы да сан алуан, талғамы да мың түрлі. Бұдан кейін сахнаға көтерілген Дастан Ермұханұлы, Мирас Дүйсенхан, Заңғар Блескелдинов қатарлы өршіл өрендердің бірі физик-математик болуды жанына жақын тұтса, енді бірі ата кәсіп-қолөнерді қолай көріпті, тағы бірі мұнай-газ саласында бағын сынап көрмекші. Жарты ғасырлық тарихы бар іргелі оқу орнының бірі-Сарқан гуманитарлық колледжінің білікті маман даярлауда өңірде өзіндік орны бар. Бұны аталмыш оқу орнының ұстазы Ұлан Әбілбеков тілге тиек етсе, сол жерде білім мен білік алушы студенттер Жазира Өтепбергенова, Игор Введенский ортақ тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының есеп және статистика секторының меңгерушісі Бауыржан Жантасовтың жүрек қалауымен таңдалған мамандықтың әрдайым жемісті боларын айтқаны әрі болашақ мамандық иелерін соған үндегені орынды. Жиынды қорытқан «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов «Сәтті қадам» партиялық жобасының негізгі мақсаты мен міндеттерін түсіндіре келе, қазіргі таңда білімділік бәріне берік баспалдақ екендігін айрықша атап өтті. Соңында бірқатар жас мамандар мен белсенділер марапат көріп марқайды. Шараны рухты әуендер әрлеп, көркем би кестеледі.

Өскелең ұрпаққа аға буынның өмірімен өрілген кәсіптерін үлгі ете отырып мамандық таңдауда жаңылыспауын, сол арқылы келешекте өз ісінің білгірі атануын мұрат еткен жиын өз мақсатына жеткендей. Бұны жастардың жарқын жүздері, салмақты сөздері айқын аңғартты.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: