Менің мақтанышым

 Ақ халатты абзал жандар мерекесі қарсаңында өмір жолымдағы ұстазым, өмірі  өнеге болған қадірлі жан Төтікбаева Күлман Төтікбайқызы туралы ой бөліскім келеді.

Төтікбаева Күлман Төтікбайқызы   1937 жылы 6 қаңтарда Алматы облысы Лепсі кентінде дүниеге келген. Орта мектепті жақсы аяқтап, 1958 жылы Талдықорған қаласындағы медицина училищесін бітірді. Сол жылы Көктерек ауылдық ауруханасына фельдшер – акушер болып еңбек жолын бастады.  Жұмысына тыңғылықты, ауырып келген әр адамға емімен қоса жылы сөзін аямай, науқастардың тез айығып кетуіне білімін,  бар күш – жігерін салған Күлман Төтікбайқызы ауылдастарының ерекше құрметіне бөленді.

Көктерек ауылдық ауруханасының меңгерушісі болып,  ол осы ұжымды талай жыл басқарған. Күлман апайымызмен қызметтес болған  жылдар өмір жолымда игі әсерін тигізді. Бүгін өзім де зейнеткерлікке жақындап қалдым. Әлі де сол кісіге ұқсап, еліктегім кеп тұрады.

Адал еңбек етіп, тыңғылықты жұмыс істеп, елінің ризашылығын алған Күлман Төтікбайқызы бірнеше мәрте аудан, облыс басшылығынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын алды. 1975 жылы Одақ бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы атануы да өз ісіне адал, еңбекқорлығының куәсі.

1970 жылы Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталды.  1976 жылы  «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды.      СССР-дің  денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін алды.1983 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген денсаулық сақтау қызметкері» құрметті атағы берілді. 1987 жылдан бері дербес зейнеткер болып, құрметті демалысқа шығып отыр. 2008 жылы Сарқан ауданы мәслихатының шешімімен Төтікбаева Күлман Төтікбайқызына «Сарқан ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Төтікбаева Күлманның өмірбаяны, еліне, жеріне сіңірген еңбегі туралы жазушылар Бексұлтан Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлке»,  Жомарт Игіманның «Саялы төрім Сарқаным» кітаптарында және «Қазақстанның  үздік адамдары» энциклопедиясының 2-ші томында орын алған.

Қазіргі таңда балалары, немерелері, шөберелерімен Алматы қаласында тұрады.   Сексеннен асып кетсе де, әлі ақылын айтып, жол көрсетіп отырған Күлман апайымызды кәсіби мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.

 

Көктерек ауылдық ауруханасының  ұжымы атынан

Талдықорған қаласындағы облыстық онкодиспансердің

 аға медбикесі

Орынбала  Жунусова.

 

Мәліметпен бөлісу: