«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы – Әликеевтер әулетінің өкілдері №64 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.


Әликеевтер отбасы – ұрпақ сабақтастығын берік сақтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан өнегелі әулеттердің бірі. Бүгінде әулет 80 – ге жуық ұрпақ сабақтастығын жалғаған. Бір шаңырақтың айналасына топтасқан үлкен әулет үшін отбасы – тек туыстық байланыс емес, тәрбие мен тағылымның, өзара сыйластық пен жауапкершіліктің алтын арқауы.
Әулеттің отанасы, 77 жастағы Рабиға анамыз ұлы және келінімен бірге №64 сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауын жасады. Ол бұған дейінгі сайлауларға да жауапкершілікпен қатысып, өзінің азаматтық белсенділігін көрсетіп келеді.
«Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Әр шаңырақта үлкенге құрмет, кішіге ізет болса, елдің де берекесі артады. Ұрпағымыздың болашағы жарқын, еліміз аман болсын деген тілегіміз бар», – дейді Рабиға анамыз.
Қазақ қоғамында отбасы институтының орны ерекше. Ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, отбасындағы татулық пен бірлікті сақтау – елдің әлеуметтік тұрақтылығының маңызды негіздерінің бірі.
Осы ретте Әликеевтер әулетінің өмірлік ұстанымы кейінгі буынға үлгі боларлық. Үлкен әулеттің қалыптасуы – бір күннің нәтижесі емес, жылдар бойы қалыптасқан отбасылық тәрбие мен өзара құрметтің жемісі.
Бүгінде қоғамда отбасы құндылықтарын нығайту, ата-анаға құрмет көрсету, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және ұрпақтар сабақтастығын сақтау бағытында түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді. «Мерейлі отбасы» секілді жобалардың басты мақсаты да – осындай өнегелі шаңырақтарды көпшілікке үлгі ету, отбасының қоғамдағы беделін арттыру және ұлттық тәрбие құндылықтарын дәріптеу.
Әликеевтер отбасының сайлауға бірге келуі де – азаматтық жауапкершілік пен отбасылық тәрбиенің сабақтастығын көрсететін тағылымды көрініс. Үлкенге қарап бой түзейтін кейінгі ұрпақ үшін мұндай өнеге ел өміріне белсенді араласудың маңызын айқындай түседі.

Мәліметпен бөлісу: