Тамыз айы туысымен Республика көлемінде «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы басталды. Акцияның мақсаты оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ, оқу жылының басында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша мектепке балалардың келмеуінің алдын алу болып табылады.
Аталмыш қайырымдылық акциясы Сарқан ауданында да айрықша қарқынмен өтіп, түрлі мекеме-ұжымдар, жеке кәсіпкерлер, тұрғындар бір кісідей атсалысуда.
Жуырда аудандық орталық мешітінің қолға алуымен 50 бала, ал аудандық барша имандылық ордаларының демеушілігімен 200 бала мектепке қажетті барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілді. Ең қажетті құралдармен толтырылған сөмкелер, мектеп формасы білімге ұмтылған жүректерді жылылыққа толтырғаны сөзсіз. Адамды қайырымдылыққа, мейірімділікке үндеп, қаншама жанға шапағаты тиген осы тектес шаралар әлі бір ай бойы өз жалғасын табатын болады.
Өз тілшіміз.