Нақты ұсыныстар берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға премьер-министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз-дің өткен жылғы экономикалық жағдайын қорытындылады. Қаңтар оқиғаларының қалып-ты өмірімізді түбегейлі өзгерткенін атап өтіп, Қазақ елінің пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және ұлттық қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанына назар аударды.

«Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті тұтастығын да сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті — халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз», — деді Мемлекет басшысы.  

Президенттің пікірінше, халықтың табысын арттыру және теңсіздікті азайту басым міндеттің бірі.

«Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл — соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атады.

-Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді,-деп Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды.

Президент Үкіметке бір айдың ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға тапсырма берді.

Мемлекет басшысы кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет деп санайды.

Президент барлық деңгейдегі әкімдердің бюджет дербестігін одан ары арттыруы қажет екеніне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, аймақтардың 82 пайызының дотацияда болуы дұрыс емес.

Президент утилизациялық алым мәселесіне де тоқталды. Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.

Отырыс барысында агро-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне баса мән берілді.

Президент соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Алайда, оның айтуынша, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субси-диялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды.

Бұдан бөлек, Президент жердің белгілі бір тұлғалардың меншігіне өтіп кетуіне жол бермеу мәселесіне тоқталды.

Үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру тапсырылды. Мұны осы жылдың 1 мамырына дейін бекіту керек.

Президент энергетика кеше-нін дамытуға тағы бір басым міндеттің бірі ретінде тоқталды. Мемлекет басшысы былтыр осы салада болған дағдарысты еске салды. Атап айтқанда, дизель отынының, авиакеросиннің, сұйытылған мұнай газының, электр қуатының тапшылығы байқалды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайды.

Президент денсаулық сақтау мәселесі жөнінде айта келе, бұл саланың қаржыны көп қажет ететінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады.

«Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады.  Сонымен бірге, жекеменшікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы  кепілдік береді», — деді Президент. 

Мемлекет басшысы билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін айтты. Бұл идеология компрадорлар мен уақыт өткізіп жүргендердің, масылдардың орнын алмастыруға тиіс.

«Үкіметке шетелге заңсыз шығарылған қаражаттарды және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге 2 ай уақыт беремін», — деді Президент.

Сонымен қатар жиын барысында премьер-министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сөз сөйледі.

Мәліметпен бөлісу: