Сәрсенбінің сәтінде ҚР Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімімен Алматы облысы әкімі А.Баталовтың өкімімен Сарқан ауданының әкімі болып Марат Разбеков тағайындалды.
Аймақ халқына есімі жақсы таныс жаңа әкімді аудан активіне арнайы келген өңір басшысы Амандық Баталов таныстырды. Сондай-ақ ауданды төрт жыл абыройлы басқарған Ерғазы Қошанбековтың айырықша еңбегін атап өтіп алғысын білдірді.
Марат Разбековтың басшы ретіндегі жекелеген қабілет-қарымын тілге тиек еткен Амандық Ғаббасұлы жаңа әкім жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оңды пайдаланады деген сенім білдірді.
Айта кетейік, Разбеков Марат Мелісұлы 1966 жылы туған, білімі жоғары, 1988 жылы Қазақ Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтын, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Сарқан орман шаруашылығында жұмысшы болып бастап, әр жылдары Сарқан ауданы бойынша салық инспекциясының инспекторы, Алматы облысы бойынша салық комитетінің бас инспекторы, бөлім басшысы, басқарма басшысы, Талдықорған қаласы бойынша салық басқармасының бас салық инспекторы, Сарқан ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары болып, аталмыш салада 17 жыл қызмет атқарған. 2010 жылдан осы уақытқа дейін Сарқан ауданы әкімінің орынбасары лауазымында.
Жиында сөз алған Ерғазы Қошанбекұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан аудан активіне алғысын айтса, әкім орынтағына отырған Марат Мелісұлы басшылықтың, жұртшылықтың сеніміне сай қызмет атқаруға сөз берді. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков, «Қазына» шаруа қожалығының басшысы Аслан Абдрахманов, жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Күбентаев жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.
Жиынды қорытқан облыс әкімі Амандық Баталов Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттер аясындағы басты басымдықтарды атап өтіп, бұл тарапта өңірде жасалып жатқан біраз шаруаларды көп назарына ұсынды.
Осы орайда саялы өңірде де ауыз толтырып айтарлық жетістіктердің барлығын өз сөзіне арқау еткен өңір басшысы сонымен бірге алда тұрған
міндеттерге тоқталды. Ауданның жаңа әкімі мен активінің алдында Жолдау аясында жүктелген нақты тапсырмаларды жүзеге асыру міндеті тұрғандығын жеткізген Амандық Ғаббасұлы бұған аудан әлеуеті толықтай жеткілікті екендігіне сенім білдірді.
Өз тілшіміз.