Наурыз — жаңғыру айы

Наурыз-Жыл басы,табиғат мейрамы.Ызғарлы қыстың көбесі сөгіліп, ақтың  молаятын шағы. Наурыз-тіршілік атаулының  бастауы.Қалың қыстың  қыспағынан шаршаған жан біткеннің  жадырайтын, жарасатын  шағы.Наурыз-пейілдің  кеңейіп, мейрімнің  молаятын, өз-өзімізге есеп беретін рухани  жаңғыру айы.  Қазақ  пен  Наурыз ұғымы  қашан да ажырағысыз.Өйткені Наурыз нышандары көшпелі қазақтың күнделікті тұрмыс салтына еніп кеткен.Наурыз-қазақтың  қазақтығын танытатын мейрам.Наурыз түркі жұртына ортақ мейрам. «Наурыз» сөзінің өзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны  білдіреді. Яғни, Жаңа жылды, түнгі түнек жіңішкеріп, күндізгі жарық ұзара түсетін Жаңа күнді қарсы алу.

Әлемдегі ең көне  мерекелердің  бірі саналатын Наурызды Орта Азия  халықтары бес мың жылдан бері атап келеді.    Ежелгі түркі халықтары Наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні отты алаулатып жағып, Жаңа күнді жарықпен  қарсы алған.Ондағы мағына барлық жамандық  атаулы,пәле-жала ескі жылмен қалсын деген ниетпен  өздерін аластау.Қазақ халқы бұл мейрамды ислам дінін қабылдамастан бұрын тойлаған.Наурыз  мейрамы –қазақ халқының көшпелі түрмысының  қуанышты кездерін бейнелейтін  ұлық мереке.

Кеңестің  кесір саясаты көшпелі  қазақтың  рухани  бай мәдениетін көрсететін Наурыз  мейрамына да тиді. 1926 жылдан бастап,тоталитарлық жүйенің  қыспағымен  наурыз  мерекесін  тойлауға тыйым  салынды.    Сан жылдар бойы сынын жоғалтып,санадан  өшіруге тырысқан  мереке  1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурызды  рухани  құндылығым  деген  ұлтжанды  азаматтарымыздың  арқасында  Наурыз  мейрамын  тойлау  дәстүрі қайтадан  жалғасын тапты. Наурыз мерексі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ СР Президентінің қаулысының  негізінде мемлекеттік  мәртебеге  ие  болды.Елбасы наурыз  айының 22 жұлдызын  «Наурыз  мейрамы» деп  жариялады.

Тәуелсіздікпен  келген  қуаныш.Тәуелсіздікпен қайта  түлеген  Наурыз  қазақ үшін ұлы  қуаныш,өйткені  бұл  мейрам- ұлтымыздың  ұлық, басты  мерекесі.Уағында  ұлтты  ұлыстың  ұлы күнімен  қайта  қауыштырған  Өзбекәлі  Жәнібеков «Наурызды  елден,елді Наурыздан ажыратуға  болмайды» деп  әз-Наурыздың  Алаш  жұрты  үшін қаншалықты маңызды  екенін  дөп басып айтқан.

Наурыз мерекесінің мән-мағынасы өте зор.Наурыз-тіршілік біткеннің қайта түлеуі.Жер-Ананың жіпсіп,ақ көрпесін сілкіп тастап,көк шығып,көркеюі. Сондай-ақ  бұл  мерекеде  біреуге өкпе-реніші  бар адамдар өкпесін  ұмытып,ренжіскен  адамына  кіріп,арадағы суық  қарым-қатынастың жібін  үзіп, қайта табысады.Демек,  Наурыз- татулықтың,береке-бірліктің мерекесі. Наурыз  тойының  тағы бір тамаша  атрибуттарының  бірі-Наурыз көже. Жеті  түрлі  құнарлы  азықтан  жасалатын  тағам  келер  жылғы  молшылықтың  жоралғысы  ретінде  әрбір  шаңырақта  міндетті  түрде  дайындалады.Бұл  күні  үй  иесі  дастарханына  қыстан  сүрлеп,  сақтап келген   бар  дәмдісін салады.Бұл  ізгі  ниеттің  негізгі  мағынасы-келген  жаңа   жыл  молшылық, берекелі  жыл  болсын  дегені.Наурыз — бұл өнер  мерекесі, еңбек  мерекесі.Ұлыстың   ұлы  күнінде    халық   бар  өнерін  ортаға  салып, көптен-көп  жүйрік  анықталады.Ат  шаптырып, аударыспақ   ойнап,балуан  күрестіріп, ұлан-асыр  той  жасайды. Наурыз-еңбек  мерекесі  дейтініміз, Жаңа күн,Жаңа  жылмен  қатар  жаңа  игі бастамалар  дүниеге келеді.Яғни  адам  өткен  жылын  қорытындылап,өз-өзіне   есеп  беріп,жаңа  жылдан  жақсылық  күтеді. Тіршілігін   де, жан-дүниесін  де  ескі  дүниелерден  тазартып, өкпе-реңіштің   барлығын   артта  қалдырады. Демек, Наурыз  айы-жаңғыру  айы.

Б. РАХМЕТОВА,

Сарқан ауданының тарихы музейінің қор сақтаушысы.

Мәліметпен бөлісу: