«Өндірханның» өнімдері


Мемлекеттік қолдаудың арқасында сарқандық фермер көкөнісінің көлемін арттырып, халыққа қолжетімді бағамен саудалап отыр. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру механизмі шеңберінде Серік Өндірхан 30 тонна картоп пен қырыққабатты белгіленген сомада сату туралы міндеттеме ала отырып, «Жетісу» ӘКК арқылы 0,01%-пен 8 млн. 200 мың теңге заем алған, қазір бұл өнімдерді кәсіпкер тиісінше 150 және 130 теңгеден саудалауда. Жалпы биылғы маусымда ол 150 тонна қырыққабат пен 80 тонна картоп жинауды межелеп отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

  • Бау-бақша өсірумен 8 жылдан бері айналысамын. Тарихи отаныма орала салысымен жермен жұмыс істеуді соя өсіруден бастадым. Кейін жылыжайда көкөніс өсірдім, ал биылдан бастап ашық топырақта өсіріп отырмын. О бастан-ақ халықты сапалы, экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдым. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібімнің іргесін кеңейтіп, жеңілдетілген несие алдым. Қазір Сарқан ауданының аумағында арзан бағамен көкөністерімді сатып жатырмын, — деді С.Өндірхан.
    Шамамен 6 гектар жерде фермер картоп, қызанақ, тәтті бұрыш, ақ қырыққабат пен пекин қырыққабатын өсіріп отыр. Тамшылатып суару жүйесін енгізе бастаған. Соның нәтижесінде бір түбірден 600 грамға дейін жергілікті сорт тәтті бұрышын жинады. Картоп пен қырыққабаттың әрқайсысы 2 гектардан, тәтті бұрыш пен қызанақ — әрқайсысы 800 сотықтан. Фермердің айтуынша, биыл өнім мол. Атап өтсек, қырыққабаттың кеш пісетін сорты сонау қара күзге дейін тұра береді. Бұл сорттың артықшылығы сол, жоғары өнімді, ұзақ сақталады, тасымалға икемді. Қырыққабат көктемге дейін өз дәмін де, пайдалы қасиеттерін де, түрін де бұзбай сақтала береді.
    Жергілікті әкімдіктің көмегінің арқасында дайын өнімді өткізу мәселесі шешілген. Фермерге бақшадан жаңа жиналған көкөністерін арзан бағада саудалауға жағдай жасалып, базардан сауда орны тегін орын берілген.
    Атап өтсек, «Өндірхан» шаруа қожалығы 13 адамды еңбекпен қамтып отыр, солардың 10-ы тұрақты жұмыста, оларға істеген жұмыс ауқымына қарай күніне 6 мың теңгеден жоғары төлем жасалады.
    Алдағы жоспарлары туралы фермер:
  • Болашақта өңдеу ісімен айналассам деймін. Көкөністерді банкіге бастыру да ойымда бар. Ол бір жағы пайдалы, бір жағынан дәмді. Қазір ойымда пісіріп, бизнес-жоспар әзірлеуге дайындалып жүрмін, — деді ол.
    Жалпы Сарқан ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, өткен 7 айда 17 млн. теңден астам ауыл шаруашылық өнімдері өндірілген, нақты көлем индексі – 104,5%, аудан өңір бойынша бірінші орында. Мұндағы көкөніс – 672 га, жиналғаны – 327,9 га, орташа шығымдылығы – 290 ц/га астам, қазіргі кездегі жалпы жиынтығы – 9,5 мың тонна. Оған қоса 972 гектар жерге картоп себілген, соның 732 гектары жиналды, жалпы жиналғаны 15,5 мың тонна, орташа шығымы – 212,4 ц/га.

Мәліметпен бөлісу: