Құндылықтарды ұлықтаған

Ұлттық мәдениеттің ең байырғы салаларының бірі – қолөнер. Оның ішінде – ши тоқу. Бүгінде осы өнерді жалғастырып, оның жандануына үлес қосып жүргендердің бірі – Сарқан қаласының тұрғыны Назигүл Батырхан.

Ата-анасы Қытайда тұрғанда қолөнермен айналысқан. Назигүлдің өзі де сурет салуға бейім. Әкесі Батырхан Рамазан тері илеп, одан жүген, ноқта, айыл жасаса, шешесі Рымхан Ілияс оюлы сырмақ, киізден текемет, құрақ ойған. Анасы ши тоқығанда қасына отырып қолғабыс тигізіп жүретін. Әкесінің жолын екінші ағасы қуып, қолөнермен айналысуда. Кейіпкеріміз 5 қыз, 3 ұл өмірге әкелген көпбалалы отбасынан шыққан. Өзі де қазір 5 баланың анасы. Осыдан 3 жыл бұрын аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы қайтарымсыз 1 миллион 380 мың теңгеге тігін машинасын алып, тапсырыс бойынша қыз жасауы, қазақы көйлек, тақия сияқты ұлттық бұйымдарды тіккен. Әсіресе балабақшалардан бөстекке көбірек тапсырыс беріледі. Алдағы жоспары «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына қатысып, 5 миллион теңгенің грантын ұтып, оған станок алып, жүн жуып, түрлі бұйымды көбейтіп, қолөнерді одан әрі өркендету.

– Ши тоқу, оған боялған түрлі түсті жүн орап, өрнектеп безендіру – ғасырлар бойы жалғасып келетін ұлттық өнер. Көпшілік шиді қамыспен шатыстырып жатады. Ши тек күз мезгілінде піседі. Алдымен піскен шиді жинап, кептіреміз, кейін тазартамыз. Мәселен, шым шиді тоқу үшін ұнаған бейненің немесе өрнектің сызбасын жасап, содан соң оған сәйкес жүнді бояймыз. Шағын бұйымдарға бір күн, ал үлкендеріне екі күн кетеді. Осы өнерді дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз деп білемін, – дейді Сарқан аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Назигүл Батырхан.

Жақсылық ИГІМАН,
Сарқан ауданы

Мәліметпен бөлісу: