Өнерді өнеге тұтқан

Қазақ халқының қоғам қайраткері, кемеңгер ұстазы, туған елінің мың жылдық мұңын шерткен, өзіміздің жерлесіміз Кәкімжан Қазыбаев атамызға биыл 90 жыл толыпты. К.Қазыбаев атамыз 1929 жылы 10 мамырда Алматы облысы Сарқан ауданындағы Ағарту совхозында, қазіргі К.Қазыбаев ауылында дүниеге келген. Ақсу ауданындағы Ақсу орта мектебін бітірген. Еңбек жолын Ұлы Отан соғысы жылдарында колхозда есепші болудан бастаған. 1952 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін аяқтаған. Әр жылдарда республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде редактордың орынбасары болған.

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия  кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, КазТАГ-тың директоры, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы болып қызмет еткен. Қазақстан Компартиясының хатшысы болып сайланып, ҚКПОК бюро мүшесі болған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, мақтау грамоталармен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдени қызметкері. 

Оның қаламынан туған көптеген мақалалар мен очерктер көркем әдеби және публицистикалық туындылар: «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік»,  «Аманат», «Қышыма» атты романдары мен повестьтері оқырман қауым мен сыншылдардан жоғары бағасын алған. Орыс тілінде «Изморозь», «Наказ», «Советский Казахстан» және «Қара сел» атты үш актілі пьеса жазған. Қаламгер жайында «Көзден кетіп, көңілде қалған», «Азамат еді еңселі» деген  атпен естелік кітаптар шыққан.

К.Қазыбаев атындағы орта мектебі 90 жылдық мерейтойға орай «Тұлғасы патша мінез парасаттың» атты айлық бағдарламасын құрып, іс-шаралар өткізді. Сондай бір іс-шара «Өнерді өнеге тұтқан» атты жас ақындар байқауы. Мектебімізде орналасқан «К.Қазыбаев» мұражайында өткен байқауға қатысып, Кәкімжан аталарына арнау өлеңдерін шығарған 6 оқушы үздік деп танылды. Олар 6-сынып оқушысы Калимолдина Сымбат, 5-сынып оқушысы Қайратқызы Мунира алғыс хатпен, 6-сынып оқушысы Мәсіғұтқызы Шұғыла мен 8-сынып оқушысы Әділбек Ақерке ІІІ дәрежелі дипломмен, 8-сынып оқушысы Нүрпейіс Алтынай ІІ және 5-сынып оқушысы Қали Риза І дәрежелі дипломмен марапатталды.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді»  дегендей, артына өшпес мұра мен өнеге қалдырған Кәкімжан Қазыбаев есімі елі барда, артында жырлайтын ұрпағы барда мәңгі өшпейтінін осы айлық барысы дәлелдеді. Болашақ ұрпақ аталарымен мақтанып, еңбектерін өшірмей дәріптей бермек.

Сандуғаш Баяхмет,

 К.Қазыбаев атындағы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: