Ақпан айы ортасынан асқаннан соң-ақ көктемнің исі сезіледі, қыр астында көктемнің көгі қылтияды, дала жұмыстары өріс алады. Бүгінгі таңда егістіктегі шаруаның денін техника атқаратындықтан қожалық иелері машина-тракторларын жаңартуды басты назарда ұстайды.
— Өткен жылы аудан бойынша жалпы сомасы 1 млрд. 690 млн. теңге тұратын 80 дана техникамен машина – трактор паркіміз толықты,-дейді Сарқан аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық. – Оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 42 дана, басқа лизингтік компаниялар арқылы 8 дана және шаруа қожалықтарының қаржысына 30 дана ауылшаруашылық техникалары сатып алынды.
Осындай игі талпыныстардың нәтижесінде ауданда 1318 дана трактор, 185 комбайн тіркеуден өтіп, трактор тіркемелері мен басқа да ауылшаруашылық техникалары дала жұмыстары үшін дайындық сапына қойылуда.
Ауданда шаруа құрылымдары мен жер пайдаланушылар игілігі үшін 561 175 га ауылшаруашылығына арналған алқап бар. Өткен жылы 58747 гектарға дәнді дақылдар, 18659 га күздік бидай, 6956 га жаздық бидай себіліп тиісті өнім алынды. Басқа да дәнді, майлы дақылдардың, қант қызылшасының, бақша дақылдарының аумағы биыл да кеңейе түсетіні белгілі. Сонымен қатар өткен жылы дәрілік шөптер Ресей, Түркия, Германияға, тары өнімі Германияға, қытай бұршағы Өзбекстанға, бидай өнімі Қырғызстанға, бал өнімі Ресейге экспортталып, ауылшауашылық өнімдерінің өрісі кеңейе түсті.
Сарқан шаруаларының иелігіндегі суармалы алқап үш өзеннің мол суынан нәр алады. Өткен жылы Тәуке, Ащылыөзек арналарын күрделі жөндеуден өткізуге бөлінген 437, 7 млн. теңгенің 100 миллионы игерілді. Сонымен қатар 10 ішкі шаруашылық арнасы ағымдағы жөндеуден өтіп, ауылшаруашылық өнімін өндірушілерді сумен қамтамасыз ету мақсатында іргелі жұмыстар жүргізілді. Осындай мақсатты жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.
Өнім негізі қысқы кезеңде қаланады. Шаруа құрылымдары арқасын кеңге салмай алдағы күннің қам-қарекетімен шұғылдануда.
Ж.МАҚАТҰЛЫ.