Көктемнің алғашқы күні өңірімізде өзіндік қуанышымен көмкерілді. Аудан орталығында 40 балаға арналған «Сенім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды. 1988 жылы салынған ғимаратты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жеке кәсіпкерден 40 млн теңгеге сатып алып, былтыр 27 млн 104 мың теңгеге күрделі жөндеуден өткізген еді. Енді аймағымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалар арнаулы қызмет алу үшін үлкен шаһарларға сабылмайтын болды. Мұнда қызметтер 8 бағыт бойынша көрсетіледі.
Атап айтқанда әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеу-меттік-тұрмыстық, әлеуметтік –педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-медициналық, әлеу-меттік-құқықтық салалалар бойынша көмек алады. Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек қимыл аппараты бұзылған балалар емдік физиологиялық кабинеттегі арнайы жабдықталған заманауи құралдарымен жаттығып, логопед, дефектолог, психолог мамандармен жекелеген сабақтар өткізеді. Мүмкіндігі шектеулі балалар мұнда күнұзақ түрлі арнаулы қызметтер алып, төрт мезгіл тегін тамақтанып, денсаулықтарын оңдайды. Ашық жаттығу алаңы, асхана, алыстан келгендер үшін жатын бөлмелер, дәретхана бар. Сондай-ақ орталыққа берілген су жаңа «Газель» көлігі балаларды тасымалдайтын болады.
Жуырда аталмыш орталық салтанатты түрде ашылып, ата-аналарды шаттыққа бөледі. Шараға арнайы келген Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұратқызы көпшілік қуанышын бөлісіп, орталық атына заты сай келіп, қызмет алушылардың сенімін ақтасын деген ізгі тілегін білдірді. Ал аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев өз сөзінде балаларының арнаулы қызмет алуы үшін берісі облыс орталығына, арысы Алматыға сабылатын көптеген ата-аналарға осынау мекеменің зор мүмкіндік сыйлағанын орынды атап өтті. Алқызыл лента кесіліп, жақсы тілектермен шашу шашылған соң ата-аналар меймандармен бірге орталықты аралап, мүмкіндіктерімен жақын танысты.
П.Жеңісхан.