Қоғам белсенділері «Nur Otan» партиясын қолдаушылар лигасын кіру туралы мәлімдеді

Қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар және елдің азаматтық белсенділері «Nur Otan» партиясын қолдаушылар лигасы қозғалысын құрды. Олардың қатарында Ерлан Саиров, Эдуард Полетаев, Марат Шибутов,  Жанарбек Әшімжан, Мұрат Әбенов, Бибигүл Даулетқызы, Яков Федоров және басқалары бар. Бұл жайында елордада Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырған кездесу барысында белгілі болды.

Институт директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты Ерлан Саиров атап көрсеткендей, Лига – заңды тұлға құрмастан қызмет ететін бейресми қоғамдық қозғалыс.

«Лига күрделі әлеуметтік мәселелердің шешімін тұжырымдау елдің нақты саяси күшінің маңына, яғни «Nur Otan» партиясының жанына шоғырлана отырып, диалог пен консенсусқа негізделуі тиіс деген қағиданы ұстанады. Қозғалысқа қатысушылар өңірлерге шығып, жұрттың әлеуметтік желілердегі ұсыныстары мен тілектерін жинақтайды, осының негізінде партияға конструктивті ұсыныстар тұжырымдайды», – деді Ерлан Саиров.

Қозғалыстың тағы бір мүшесі – саясаттанушы Эдуард Полетаев. Оның пікірінше, партия жариялаған праймериз елдің саяси жүйесінің болашақ бағдарын айқындайды.

«Праймериз саясаттың тек ерекше таңдаулы адамдардың ғана еншісі емес екендігін көрсетуі тиіс. Қазіргі кезде бізге жаңа идеялары бар, әрі қарай дамуға көмек беретін креативті адамдар қажет. Праймериз тың тұлғалардың, әсіресе әйелдер мен жастардың саяси мінберге шығуына жол ашпақ», – деп атап өтті Эдуард Полетаев.

Саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибутов Қолдаушылар лигасы бүкіл қоғамды заң жобаларын талқылауға қатыстыруға ынталы екендігін атап көрсетті.

«Шын мәнінде праймериз – саяси процеске демократиялық нормаларды ендіру. Біз белсенділерді жинап, олардың өту барысын бақылайтын боламыз. Жалпы Лига адамдардың әртүрлі тобының ұсыныстарын талдау негізінде партия басшылығымен республикалық деңгейде диалог жүргізеді», – деп санайды Марат Шибутов.

«Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі М. Әбенов өз сөзінде Лига партиямен бірлесіп балама пікірлер қағидаты негізінде әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашады деп атап өтті. 

«Егер партия өзгеруге дайын болса, мен көмек беруге дайынмын. Біз өңірлерге шығып, праймериздің ашық өтуін бақылайтын боламыз. Жергілікті жерлерде әкімдер праймеризге тосқауылдар жасауы мүмкін. Мысалы, егер әлдекім праймеризге қатысқысы келіп, оған кедергі келтірсе, ол бізге жүгіне алады. Мен өзекті мәселелерді талқылау үшін әлеуметтік желілер арқылы ауық-ауық тікелей эфирге шығып отырамын. Жалпы біз алдағы партияішілік іріктеуде жастарға қолдау көрсетуге тиіспіз. Лиганың барлық күштермен өзара ынтымақтаса әрекет етуге дайын екенін атап өткім келеді», – деді Мұрат Әбенов.

Белгілі блогер Яков Федоровтың айтуынша, праймериз – өңірлердегі келешегі бар жастардың елдің саяси сахнасына шығуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік лифт.

«Біз әлеуметтік желілерден, ас үйлердегі әңгімелерден торыққан көңіл-күйді көріп отырмыз, яғни адамдар өз туған ауылында, туған қаласында, туған елінде өз қабілеттерін аша алмайды. Мен бұл ретте бұдан гөрі жақсырақ өмір сүрсем деген қарапайым қалауы бар адамдар туралы айтып отырмын. Мен өңірлерді көп аралаймын, жасы отыздан асса да, әлі күнге оларға жас маман деп қарайтын өз ісінің нағыз шебері болған адамдарды білемін. Біздің міндетіміз – өңірлердегі осындай адамдарды тарту, олардың өз облысын нақты қалай дамыту қажеттігі туралы ойларын айтқызу. «Nur Otan» партиясының праймеризі – өз ойларың мен бастамаларыңды іске асыруға, кәсіпқойлығыңды көрсетуге, елді дамыту туралы идеяларыңды ортаға салуға жақсы мүмкіндік. Бізге заң шығарушы органға баруға дайын кәсіпқой мамандарды табу ғана емес, сарапшылар ұсынатын саяси күн тәртібін қалыптастыруға қажетті идеяларды жинақтау да маңызды. Адам депутат болып тумайды, бұған мектепте үйретпейді. Адам бұған талпыну арқылы жетеді», – деп түйіндеді Яков Федоров.

Кездесу барысында спикерлер «Nur Otan» партиясын қолдаушылар лигасын құру партияішілік іріктеудің айқындығын қамтамасыз етіп, қоғамның қазіргі сұранысына жауап беретін идеялардың топтастырылуына жол ашады деген ортақ пікірге келді.

Мәліметпен бөлісу: