Облыстық аурухана аумағында көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылуда

Бұл шара тек ағаш отырғызумен шектелмей, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Алдағы экологиялық акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау ісіне серпін беру, табиғатқа жанашырлық көзқарасты нығайту және медицина мекемесінде ем қабылдап жатқан пациенттер мен қызметкерлер үшін жайлы, жасыл орта қалыптастыру. Қазіргі таңда урбанизация үдерісі күшейіп тұрған кезеңде мұндай бастамалардың маңызы ерекше.

Іс-шара барысында аурухананың 40-қа жуық қызметкері жұмыла отырып, аумаққа 50 дана қылқан жапырақты көшет отырғызбақ. Мамандардың айтуынша, қылқан жапырақты ағаштар жыл он екі ай бойы жасыл қалпын сақтап, ауа сапасын жақсартуға, сондай-ақ микроклиматты реттеуге оң ықпал етеді.

Шараға Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.. Садықов пен аталған мекеменің директоры А. Монгол қатысып, ұжыммен бірге көшет отырғызуға атсалысты. Бұл – басшылықтың экологиялық бастамаларға бейжай қарамайтынын, қоғам алдында жауапкершілікті терең сезінетінін көрсететін маңызды белгі.

Жалпы, ағаш отырғызу – табиғатты қорғауға қосылған нақты әрі нәтижелі үлес. Мұндай акциялар тек қоршаған ортаны көркейтіп қана қоймай, ұжымдық бірлікті нығайтып, адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыра түседі. Әсіресе, денсаулық сақтау мекемелері үшін жасыл желек – тек эстетикалық емес, емдік-психологиялық тұрғыдан да аса маңызды фактор.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» науқаны аясындағы бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Ұйымдастырушылар осындай экологиялық шараларды тұрақты түрде өткізіп, өңір тұрғындарын кеңінен тартуды жоспарлап отыр. Бұл – ел болашағына, келер ұрпақтың денсаулығы мен өмір сапасына бағытталған игі қадамдардың бірі екені сөзсіз.

Гүлжан Тұрсын

Мәліметпен бөлісу: