Апта басында аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында «Мемлекеттік қызметтер көрсету және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына баруын қажет етпейтіндей етіп, «электрондық үкімет» веб-порталында қызмет алушының СМС келісімі бойынша үшінші тұлғаның анықтамалар алуы тақырыбын арқау еткен басқосу болып өтті.
Жиынға бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық мекеме, ұйым жетекшілері қатысты. Кеңеске аудандық әкімдіктің ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінің басшысы Ұлан Ерденбеков төрағалық етіп күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығын атай келе негізгі сөзді облыстан арнайы келген маманға ұсынды. Өз кезегінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Данияр Маманов тұрғындарға мемлекеттік қызметтер көрсету аясында барынша ашықтықты, қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар шеңберінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіре келе бұл істе кемшіліктерге кеңшілік танытқан аудандардың да барлығын айтып өтті. Баяндамашының сөзін өз кезегінде аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Сания Елюбаева жан-жақты тарқатып, ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) арқылы алынатын кейбір қызметтерді қатысушыларға іс жүзінде көрсетті. Бірқатар анықтамаларды үйден шықпай-ақ жылдам әрі оңай алудың артықшылықтары, бұл саладағы өзге де жаңашылдықтар қарапайым тілмен түсіндірілген жиын соңында қатысушылар сұрақ-жауап алмасты.
Өз тілшіміз.