Ораза қабыл болсын!

Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы де келіп жетті. Аудан жұртшылығын осынау қасиет тұнған аймен құттықтаймын! Ұстаған оразаларыңызды, дұға-тілектеріңізді Алла Тағала қабыл етсін!

Биылғы Рамазан айы дүниежүзін әбігерге салған індет жайлаған кезеңге тура келді. Бірақ бұл қасиетті Құран түсіріле бастаған айдағы ізгі амалдарымызды түгендеуге, жүректерімізді пенделік пейілден арылтуға еш кедергі келтірмейді. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Бұл турасында Құранда “Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді” (Бақара/187) делінеді.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның жан басына шаққандағы мөлшерін 370 теңге деп белгіледі. Елдегі жағдайға байланысты мешіттер жабық тұрғаны баршаға мәлім. Садақаны қалай өтейміз деген жандар үшін арнайы қосымша арқылы садақаны беруге мүмкіндік берілген. ҚМДБ «Халық» және «Каспий» банктердің басшылығымен аталған банктердің ұялы телефондағы қосымшасы арқылы төлеуді ұйымдастыруды қолға алған.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қайырымдылыққа негізделген сан түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Саялы өңіріміздің жеке кәсіпкерлері де қарапайым азаматтары да осынау қайырлы істен шет қалмауда. Көмекке мұқтаж қаншама отбасына қажетті азық-түлік жеткізіліп, көптеген жүректер мейірім мен алғысқа бөленді. Алла жүрегі жомарт осынау жандардың істеріне береке, отбасыларына амандық берсін.

Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей!

Серікбек Асқар,

Сарқан ауданының бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: