«Тәуелсіздігіміздің 30 — жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл атлетикадан өткен «Astana Marathon 2021» марафондық жарысында Алматы облысы, Сарқан ауданы, Абай ауылының тумасы Данияр Орманғали бірінші келіп, бас жүлдені иеленді» деген хабарды әлеуметтік желіден оқығанда ерекше қуанып, мақтаныш сезімге бөлендім. Бұл жарыста Данияр әлем біріншілігіне, олимпиадаға қатысқан азулы қарсыластарынан озып, 42 шақырым қашықтықты 2 сағат 24 минутта жүгіріп өтіп, бірінші келуі мақтанатындай, қуанатындай жаңалық.
«Өз балаларымның бойындағы спортқа деген қызығушылықтарын, қабілеттерін ашып жол көрсете алмадым. Енді немерелерімнің біреуі спортқа түбегейлі бет бұрып, атымды шығарса екен. Қазақ елінің мәртебесін көтеріп, елінің, халқының құрметіне бөленетіндей азамат болып өссе екен»- деп армандаған Орманғали ақсақалдың арманының орындалғанына тәуба!»-дедім.
«Мен білетін аға буын Мұсабаевтар спорттың күрес жағына бейім еді. Мына бала қалай жеңіл атлетиканы таңдады екен» деген қызығушылық мені Даниярдың шыққан, тәрбие алған ортасымен танысуға итермеледі. Даниярдай ел намысын қорғап жүрген жігіттің қалай қалыптасқанын білмейтін, бірақ білгісі келетін алыс-жақындарды оның отбасымен таныстырып келешек ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолыма қалам алдым. Бұл жанұяда Даниярдың артынан ерген Мадияр атты інісі, Дильяра атты қарындасы бар. Олар да спорт жағынан болсын, өнер жағынан болсын қара жаяу емес. Данияр да, Мадияр да жеңіл атлетикаға келмей тұрып, спорттың күрес, еркін күрес, қол күрес, дзюдо түрлерімен айналысқан. Аталған спорт түрлерінен бала күндерінде-ақ айтарлықтай нәтижелер көрсетіп, жоғарыдан көрініп үлгерген. Екеуі де төменгі сыныптарда оқып жүріп-ақ спорт шеберлігіне үміткер атағын иеленген. «Қол күрестен оң қолмен де, сол қолмен де жекпе-жекке шығып, қарсыластарын жеңіп, жүлделі орын алу сирек кездесетін құбылыс. Осы қасиет ағайынды үшеуінің де бойында бар. Тіпті талдырмаш қана Дильяра, білек күшін сынағанда, өзі қатарлас балалардың барлығын жеңіп кетеді»-дейді балалардың қол күрестен жаттықтырушысы Қуаныш Қадырбаев. Даниярдың жеңіл атлетикадан жолын ашқан алғашқы жарыстардың бірі Қапал марафоны. Осы жарыста бірінші келіп, көзге түскен Данияр, Жетісу мемлекеттік университетіне қабылданып, жаттықтырушысы Сепбосынов Еркен Мұратұлымен бірге жеңіл атлетикамен түбегейлі, жүйелі түрде айналысуға бет бұрды. Бұл бетбұрыс нәтижесіз емес.
Ал Мадияр баламыз қазір ағасы оқыған Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернатының үздік оқушысы. Мектептің мақтанышы. Спорттық, қоғамдық іс-шаралардағы жоғарғы көрсеткіштерімен мектебінің, облысымыздың абыройын асқақтатып жүр.
Спорт жағынан, түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысу жағынан Дильяра да ағаларынан қалыспай келеді. Жақында Талдықорған қаласында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру «Адал Ұрпақ» слетіне қатысқан Дильяра «Алғыс хатпен» оралды. Ағайындылардың түрлі жарыс додаларға қатысып алған жүлделері мен мақтау, марапаттарын тізіп жазар болса, бүкіл бір газеттің беті толатындай тізім шығуы даусыз! Балалардың жалпы спортқа деген қызығушылығын қалыптастырған әкелері Қайрат Мұсабаев болса, күрестен жүйелі түрде дайындап, айтарлықтай дәрежеге жетуіне себепші болған жаттықтырушылары, өз ісіне мығым, жүрегі ізгілікке толы, ауыл азаматы Дидар Секеманов. Жалпы Мұсабаевтар әулеті спорт десе ішкен астарын жерге қоятын, еңбекқор, көпбалалы жанұя. Аға буын Мұсабаевтар кезінде, әсіресе күрес жағынан аудан, облыс көлемінде танымал болғанын ел біледі. Жастайынан ағаларына еліктеп, спорттың әр түрімен айналысып, айтарлықтай жетістіктерге жеткен Қайрат өз білгенін, тәжірибесін балаларымен бөлісуден еш жалықпайды. Атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған бойларындағы табиғи тұмса дарынды әрі қарай дамытып, спортқа түбегейлі бет бұруға аға буын Мұсабаевтарда мүмкіндік болған жоқ. Олар еңбекке ерте араласып, күнделікті күйбең тіршіліктің көлеңкесінде қалып қойды. Оларға жол көрсетіп, жетелеп, демеу болатын ешкім болмады. Сондықтан да болар Қайрат өзі жетпеген жетістіктерге балаларын жеткізу үшін күш-жігерін де, уақытын да, қаржысын да аяған емес. Спорт жарыс! Ол – дода! Ол – бірде жеңіс, бірде жеңіліс! Тұлпарды баптап бәйгеге қоспаса жабағы күйінде қалып қоятыны белгілі ғой. Қайрат қай жерде, қандай жарыс болатынын алдын ала өзі біліп, балаларды дайындап, өз қаражатымен сол жарысқа апарып, қатыстырып, тәжірибе жинауына, психологиялық дайындығын шыңдауға аса көңіл бөліп жүреді. Ал балалардың анасы Гүлшат Баяхметқызына келетін болсақ, нағашы ата-әжесінің бауырында оныншы бала болып тәрбиеленген Гүлшат үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдай жүріп, бойына қазақи тәрбиені сіңіріп өскен жан. «Ата-енеммен бірге тұрдық. Енем ақырғы демі таусылғанша батасын беріп кетті: «Балаларың биіктен көрінсін! Атақ-абыройларыңды асқақтатсын. Сендерге жаман атақ әкелмесін»-деп отырушы еді. Балаларымыздың бізді, ағайын-туысты, жалпы елді қуантып, биіктерден көрініп жүргені сол әжелерінің берген батасы болар»-дейді Гүлшат. Осы сөздерінен-ақ Гүлшаттың жүрегі таза, мәдениеті жоғары, білімді, тәрбиелі жан екенін байқауға болады. Қайрат пен Гүлшат балаларының жетістіктеріне риясыз қуанып, қолпаштап отырса, жеңілістерін сынақ ретінде қабылдап, мойымауға, жасымауға, одан әрі шыңдала түсуге жігерлендіріп отырады. Қайраттың да, Гүлшаттың да бойынан адамгершілік, ізгілік, досқа адалдық, өз ісіне тиянақтылық, үлкендерді сыйлау, кішіге қамқор болу сияқты қасиеттері байқалып тұрады. «Тәрбие тал бесіктен басталады» — деп халқымыз бекер айтпаған. Ата-анасының бойынан осындай қасиеттерді байқап, олардан жан-жақты қолдау көріп өскен бала қалайша басқаша болуы керек. Балаларының бойынан байқалған өзгелерде жоқ қасиеттерін дамытып, дәріптеп, қолдап отыру Қайрат пен Гүлшаттың бала тәрбиесіндегі негізгі ұстанымдары. «Жігітке жеті өнер де аз» деген бар емес пе? Бұл жанұяның балалары спортқа ғана емес, түрлі қоғамдық іс-шараларға араласып, өнер сайыстарына да түсіп, түрлі мақтау, марапаттар алып жүр. Бала тәрбиесінде тек бір бағытты ғана алып қоймай, олардың жан-жақты қалыптасуына, білімді, өнерлі, салт-дәстүрді берік ұстап, тіл-байлықтарын жетілдіріп отыруға көңіл бөлу бұл жанұяның ненізгі ұстанымы. Менің анам: «Бала сәби кезінде нені армандаса сол орындалады. Өйткені ол періште ғой. Періштенің сөзіне періште «әумин» дейді»-деп отыратын. Сегіз айында алғаш қадамын басып, ерте сөйлеген желаяқ баламыз Данияр Алтыншаш әжесінің алдында отырып: «Әже, мен өскенде менің жеке ұшағым болады. Сол ұшаққа сізді отырғызып, ауылдың үстімен ұшамыз»-дейді екен. Данияр 21-ақ жасында 12 дүркін Қазақстан чемпионы, 5 дүркін Азия чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы. Таза, пәк, сәби арманымен әжесіне берген уәдесінің орындалғанының алғашқы сатысы осы болар деп топшылайық! «Жеңіл атлетика үшін дененің шымыр болғаны, тыныс алу жолдарының жақсы дамығаны маңызды. Екі баламның да спорттағы алғашқы қадамдары күрес, қол күрес, дзюдодан басталғаны оларға жеңіл атлетикадан жоғарғы нәтиже көрсетуге септігін тигізетіні анық»-дейді Қайрат Орманғалиұлы. Данияр да, Мадияр да әлі жас. Алар асулары, бағындырар биіктері әлі алдыда. Қазіргі таңда Данияр, қаңтар айында Гонконг қаласында өтетін ірі жарыс Азия біріншілігіне дайындалуда. Жеңіспен оралуын күтейік. Жаратушыдан желаяқ тұлпарымызды тұяғынан сүріндірмеуін сұрайық! «Хан мен қараны теңестіретін бала»-деп халқымыз бекер айтпаған. Қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген баланы өмірге әкеліп, дұрыс тәрбие беріп отырған Қайрат пен Гүлшаттың ханнан қай жері кем!
Данияр жақында Тараз қаласында және Түркістан қаласында өткен марафондық жарыстардан бірінші келіп, әкесінің толып отырған ердің жасы елуіне үлкен сый жасады. Алмалытау етегінде орналасқан осынау бір шағын ғана Абай ауылында келешек ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын қарапайым осындай бір отбасы бар екенін біле жүріңдер. Балалары үшін төккен терлері зая кетпеген осындай бір жанұя бар екенін біле жүрейік! Үлгі алайық.
Ұлжан НҰРҒАЛЫМҚЫЗЫ.
Абай ауылы.