Отан қорғауға аттанды

Өткен аптада Сарқан аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім 5 жасты Отан қорғаушылар сапын толықтыруға салтанатты түрде аттандырып салды. Салтанатқа қаламыздағы оқу орындарының алғашқы әскери дайындық пән ұстаздары, жастар және ата-аналар қатысты.

Жиын бастауында шырқалған асқақ рухты әнұранымыз жүректердегі ел, жер,  патриотизм сынды ұғымдарды кезекті рет бекемдей түсті. 5 мемлекетпен шектесіп, 13 383 шақырымдық қашықтықты құрайтын ұлан-байтақ өлкені кірпік қақпай күзетушілерге жарым ырыс-жақсы сөзді арнау, сәттілік тілеу қашанда жарасымды. Осындай ақ тілектер шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары А.Мұқанов, «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Түсіпов, аудандық Ауған соғысының ардагерлер ұйымының төрағасы Е.Тоқжігітовтың жылы лебіздеріне арқау болса, әскер қатарына шақырылушы Рустам Ануарбековтың сөзі жүректерге сенім ұялатты. Шараны мәдениет үйінің қызметкерлері рухты әуендермен әрледі.

Ең бастысы жас жүректерде байтақ Отанымызды қорғауға деген құлшыныс, ал артындағы елде оларға деген зор сенім бар. Патриоттық шара осыны тағы бір мәрте айғақтады.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: