Отбасылық кеңес бөлмесі

Сарқан ауданы әкімдігі жанынан отбасылық кеңес бөлмесі ашылды. ҚР-сы Конституциясында атап көрсетілгендей «Мемлекетіміздің басты құндылығы-адам».

Әр адамның өмірге деген көзқарасынан,еліміздің дамуына қосып жатқан үлесінен, адами құндылықтарынан мемлекетіміздің даму деңгейі анықталады. Сондықтан әр адамның  жанұялық тұрақтылығы, оның моральдік, материалдық дәрежесі өте маңызды. Елбасы
«Қазақстанның болашағы бүгінгі  жастар қолында» деген. Ал сол жас-тарымыз тал бесіктен саналы тәрбие  алып,сапалы білім шыңдарын бағындырып, әрқайсысы бір-бір жанұя отағасы, отанасы болса қандай ғанибет. Өкінішке орай бүгінгі жастар арасында жанұя құра салып, алғашқы қиындыққа шыдамай сынып кетіп, ажырасып жататындар көптеп кездесетін болды. Әрине оған түрлі себептер түрткі болады,бірақ шешілмейтін мәселе жоқ.

Ең бастысы екі жас бірін бірі сүйіп қосылса, махабаттың маздаған отын өмір бойы алып өтуге уәделескен болса, басқа мәселелер тобықтан келген судай ғана  болып  қалады. Жаңадан құрылған  бұл кеңестің мақсаты да осындай өмір жолында кездесетін мәселелерді шешуде жастарға көмек  көрсету. Кейде ата-анаңа, құрбы-жолдастарыңа айта алмай мәселені ушықтырып, сот алдынан бірақ шығатын жағдайлар туындап жатады. Одан кейін ажырасу, дүние бөлісу, бала бөлісу басталады. Әсіресе бұндай жағдайда  жапа шегетін  балалар болады. Міне, құрылған  шаңырақты құрдымға кетірмей, сотқа жүгініп, мал-мүлікті бөліскенше, бізге келіп ақылдасып, кеңесіп алған жөн. «Келісіп пішкен тон келте болмайды»-дейді астам қазақ. Егер мәселе баспана, жұмыс т.б. болса шешу жолдарын көрсетіп, ақыл-кеңес беруге дайынбыз. Жанұя жарылмасын, балалар жыламасын.

Ж.ҚҰлахметова,

отбасылық кеңес бөлмесінің меңгерушісі.

Мәліметпен бөлісу: