
Жақында Дүниежүзілік пациент қауіпсіздігі күніне орай Сарқан аудандық ауруханасының реабилитациялық орталығының базасында арнайы челлендж ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғам назарын медициналық көмек сапасы мен қауіпсіздігі мәселелеріне аудару, пациенттердің құқығын қорғаудың және балалар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын насихаттау болды.

Челленджді орталықтың невролог-реабилитологы Жуванышева Милана Ринатқызы мен орталық қызметкерлері ұйымдастырды. Шараға Сарқан қаласындағы «Балдырған» балабақшасының «Еркетай» тобының бүлдіршіндері белсене қатысты.
Балалар мен медициналық қызметкерлер бірге түрлі ойындар ойнап, қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын талқылап, шығармашылық тапсырмаларды орындады. Шара барысында қызғылт сары түс – Дүниежүзілік пациент қауіпсіздігі күнінің басты символы ретінде кеңінен қолданылды.
Бұл игі бастама тұрғындар арасында оң пікір қалыптастырып, балалардың да, ересектердің де қауіпсіздік мәдениетін арттыруға ықпал етті.

Іс-шара соңында қатысушылар арнайы флешмоб орындады. Ол медициналық стандартқа сәйкес қолды өңдеу ережелеріне негізделді. Себебі қолды дұрыс өңдеу – аурухана ішінде пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етудің «алтын стандарты» болып табылады.
Сонымен бірге, бұл шара Қазақстандағы медициналық ұйымдарда сапа мен қауіпсіздікті дамытуға үлес қосып жүрген «Денсаулық сақтау сапасы жөніндегі аккредитация орталығының (ACQH)» ұлттық бастамасы аясында өтті.
Өз тілшіміз.

Өте керемет