
Елорданың Алматы ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында саябақтар мен қоғамдық орындардағы тазалыққа бақылау күшейтілді. Кезекті профилактикалық рейд Триатлон саябағында өтіп, оған аудандық полиция қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Рейдтің басты мақсаты – тұрғындарды жазғы демалыс кезінде қоғамдық орындарда тазалық сақтауға шақырып, қоршаған ортаны ластауға жол бермеу. Мамандардың айтуынша, күн жылынып, саябақтарға келушілер көбейген тұста тазалық мәселесі де өзекті бола түседі.
Әсіресе демалыс күндері тұрғындар саябақтарда отбасымен уақыт өткізіп, пикник ұйымдастырады. Алайда кей азаматтар демалыстан кейін артынан қалған қоқысты жинамай кетеді. Соның салдарынан саябақтардың жекелеген аумақтарында тұрмыстық қалдықтар көбейіп, бұл жағдай басқа тұрғындардың наразылығына себеп болады.
«Біздің басты мақсатымыз – бірден жазалау емес, ең алдымен тұрғындарға түсіндіру жүргізу. Жаз мезгілінде адамдар саябақтарға көп шығады, пикник ұйымдастырады. Өкінішке қарай, кей жағдайда өздерінен кейін қоқыс қалдырып кететіндер кездеседі. Осыған байланысты тұрғындардан шағымдар түсіп жатады. Біз мұндай өтініштерді ескеріп, тиісті жұмыстар жүргіземіз», – деді Алматы ауданы Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаева.
Алматы ауданы аумағында үш ірі саябақ – Триатлон, Жастар және Жерұйық саябақтары орналасқан. Бұл орындар қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық кеңістіктердің бірі саналады. Сондықтан олардың тазалығы мен тәртібін сақтау – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық азаматтың ортақ міндеті. «Заң мен тәртіп» баршаға ортақ қағида.
Рейд барысында тұрғындарға қоқысты белгіленбеген жерге тастамау, демалыстан кейін аумақты жинақтап кету және қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Мұндай профилактикалық жұмыс бір реттік акциямен шектелмейді. Мамандардың айтуынша, саябақтар мен қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар аптасына кемінде екі-үш рет өткізіліп тұрады. Жұмыстар тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдар мен аудан аумағындағы ахуалды зерделеу нәтижесіне қарай ұйымдастырылады.
Бұл ретте «Таза Қазақстан» акциясының мәні аумақты бір күнде тазалап шығумен ғана шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастырып, әр азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.
#законипорядок #заңментәртіп
