Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы, Сіздің Президент ретіндегі алғаш­қы сұхбатыңыз былтыр «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған еді. Ең алды­мен, қазіргідей күрделі кезеңде ой-тол­ғамдарыңызды тағы да біздің га­­зе­тіміз арқылы оқырманға жеткі­зуге келісім бергеніңіз үшін алғыс білді­реміз.

– «Егемен» – елдің үні, ұлттың мінбері. Қазақ тарихының жүз жылдық жылнамасы. Сондықтан бас басылым арқылы ел-жұртпен тілдесудің маңызы зор.

– Ендеше, сұхбатты бастайық. Өткен аптада коронавирус індетіне қатысты мәлімдеме жариялап, жұрт­шылықты толғандырған көптеген мәселені ашық айттыңыз. Осыған дейін де телевизия арқылы үндеу және мәлімдеме жасаған болатынсыз. Жалпы, еліміздің қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз? Бұдан кейінгі бағыт-бағдарымыз қандай болмақ?

– Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Індеттің салдарынан дүние жүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендейді. Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан шамасы жететін елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде.

Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан  азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды.

Осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттілігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандарды солар­дың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұ­мылдырудамыз.

Уақытша қиындыққа тап болған 1,6 миллион кәсіпкердің несиесін қайтару мерзімі кейінге шегерілді. Мұндай шара іскер азаматтарды қолдау үшін қажет. Сондай-ақ «Қарапайым заттар эко­но­микасы» бағдарламасының қаржысы 1 триллион теңгеге дейін көбей­тілді. Бұл қаражат жаңа жобаларды қай­та қаржыландыруға, жеңілдік шарт­тары­мен несие беруге жұмсалады. Кәсіп­кер­лер үшін салықтар мен басқа да міндет­ті төлемдер мерзімі ұзартылды. Зардап шеккен шағын және орта бизнес өкіл­дері еңбекақы төлеу қорының міндетті төлемінен алты айға босатылды.

Ерекше атап өтер жайт, карантин ке­зін­де азаматтарымыз оқшаулануға тез бейім­делді. Көптеген кәсіпорын мен меке­ме қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Қоғамның жаңа үрдіс­терге дайын екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Жалпы, Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдары айқын. Елбасы бұл мәселе жөнінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нақты атап көрсетті. Кез келген дағдарыс тың бастамаларды туын­датады. Әрине, осы кезеңнен сабақ алып, осал тұстарымызды жетілдіруіміз керек. Егер індет өршіп кетпесе, 11 ма­мырда төтенше жағдай режімі аяқ­та­лады.

– Мәлімдемеңізде айтылғандай, қазіргі ахуал бүкіл әлемге оңай тиіп отырған жоқ. Қысылтаяң кезеңде доллар бағамы өсіп, төл теңгеміз құнсыздана түсті. Пандемиядан кейін теңгенің бағамы тұрақтанып, қалпына келуі мүмкін бе?

– Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қа­ражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тап­шы­­лығын болдырмау үшін жасалып отыр.

Әрине, нарықтық экономика жағ­дайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайды. Оның үстіне, еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді.

– Сіз бұған дейін мұндай кезеңде екінші деңгейдегі банктердің жауап­­­кер­шілік таныту қажеттігін айт­т­ы­ңыз. Бұл құрылымдар, көбіне, дағ­да­­рыс кезеңінде қолдау бола ма деп мем­­лекетке жүгінетіні жасырын емес. Жал­­пы, осы дұрыс па? Төтенше жағ­дай­ға байланысты сол банктер ха­лық­­қа қандай көмек көрсете алады?

– Банк жүйесі – қаржы нарығының аса маңызды бөлігі. Банктердің тұрақты жұмыс істеуіне мемлекет те, бизнес өкіл­дері де, қарапайым салымшылар да мүд­делі. Сондықтан банктерге тегіннен-тегін қолдау көрсетілмейді. Бұл – ұлт­тық экономиканы көтермелеудің бір жолы.

Қазір банктердің үздіксіз қызмет көрсетуіне мүмкіндік бар. Депозиттерге кепілдік беретін қор да тұрақты жұмыс істеуде. Бұл ахуалды Ұлттық банк ба­қылап отыр. Сондықтан салымшы­лардың қара­жа­тына ешқандай қатер төніп тұрған жоқ.

Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-эконо­ми­калық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деп айта аламыз. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін кейінге ауыстырды. Нақты айтқанда, несие төлемдері 3 айға шегерілді. Табысынан айырылғандарға мұндай көмек қажет. Бірақ жұртшылық арасында несиені мүлдем қайтармаймыз деген түсінік қалыптаспауы керек. Бұл – жаңсақ пікір.     

Сондай-ақ Үкіметтің қатысуымен шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие беру бағдарламасы әзірленді. Егер банктер кәсіпкерлерге, азаматтарға несие беруді тоқтатса, экономиканың көптеген саласы тұралап қалады. Біз бұған жол бермейміз.  

Менің тапсырмам бойынша Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін қосымша шаралар қарастыруда.

– Жағдай одан әрі күрделене берсе, бюджетіміз бұл ауыртпалықты көтере ала ма? Алдағы уақытта ел бюджетіне тағы да өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?

– Дағдарыс жағдайында, көбіне, бюджеттің кірісі мен шығысын реттеу қажеттілігі туындайды. Үкімет дағдарыс кезеңінде бюджетті нақтылаудың ерекше тәртібін бекітті. Коронавируспен күре­су үшін қомақты қаржы бөлінгенін біле­сіздер. Ел азаматтарына қолдау көрсету, экономикалық белсенділікті арттыру шаралары қосымша қаржыны талап етеді.      

Ескерте кететін бір жайт, бюджет қар­жысына қымбат көлік пен жиһаз алын­байды. Ауқымды жиындар өткізуге арналған қаражат қысқартылды. Кейбір инвес­тициялық жобалар кейінге қалды­рылды. Үнемделген қаражат экономи­каның тұрақты дамуын және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге жұм­салуда. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.

– Экономикамыздың бір тірегі – ауыл шаруашылығы. Қазіргідей сын сағатта бұл салаға айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Әсіресе егіс науқанына кіріскен шаруаларға нақты жеңілдік беріледі. Ал енді ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін түзеуге арналған жоспарлар бар ма?

– Дұрыс айтасыз, еліміз үшін ауыл шаруашылығының маңызы зор. Дәл қазіргі басты міндет – егіс науқанын ойдағыдай өткізу. Қазақ «Көктемнің бір күні – жылға азық» дейді. Кез келген қауіп-қатерге қарамастан бұл жұмысты уақтылы жүргізу керек.

Мәлімдемеде айтылғандай, биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін.

 Қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауда ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн.

Ең маңызды мәселе – ауылдағы жас­тарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Әйтпесе бақылаусыз миграция мен урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселелерді шешуімізге тура келуі мүмкін. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көре бастадық. Әсіресе бұл ірі қалаларда байқалуда. Осы мәселелер мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы керек.

– Карантинге байланысты оқу үдерісі өзгерді. Оқу жылының әдет­тегі­ден өзгеше аяқталатыны жұртты алаң­датып отыр. Осы мәселенің шешімі қандай болмақ?

– Биылғы 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары қашықтан оқытыла бас­тады. Індеттің таралуына жол бермеу үшін осындай қадамға бардық. Екінші жағынан, бұл – заман талабы.

Интернет жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, қашықтан оқытудың бірнеше жолы ұсынылды. Атап айтқанда, телесабақ, интернет-платформадағы сабақ ұйымдастырылды. Интернет байланысы жоқ 57 елді мекенде тұратын оқушылар пошта қызметі арқылы оқу үдерісін жалғастырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен, мобильді интернетпен қамтамасыз етуде. Үкімет қорынан байланыстың мүмкіндіктерін арттыру үшін қаражат қарастырылды. Осының нәтижесінде қашықтан оқыту қазір қалыпқа түсті.

Жалпы, соңғы жылдарда қашықтан оқыту тәсілі жаһандық үрдіс ретінде қалыптасты. Әлемнің көптеген жоғары оқу орындары бұл әдісті кеңінен қолданып келеді. Мұның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Әсіресе қазіргідей карантин жағдайында бұған балама жоқ. Сондықтан алдағы уақытта оны жетілдіре түскен жөн.         

Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқта­лады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін баға­лауға қатысты еш қиындық туын­дамауы тиіс. Әрине оқушылардың өз мұға­лімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл – уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашық­тан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін.

– Пандемияға қарсы күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге үнемі қолдау көрсетіп келесіз. Осы мәлім­демеңізде де оларға шынайы жана­шырлық таныттыңыз. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін не істеу керек?

– Барша жұртқа қауіп төндірген індетті ауыздықтау үшін, ең алдымен, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Оларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызы зор. Билік тарапынан барынша жағдай жасалуда.

Өкінішке қарай індетпен күрес барысында медицина жүйесінің осал жақтары да анықталды. Сақтық шараларына қарамастан, көптеген медицина қызметкері вирус жұқтырып алды. Дәрігерлеріміз онсыз да жетпей жатқанда, осындай қиындыққа тап болдық. Бұл жағ­дай тікелей бақылауымда. Нақты тапсыр­малар берілді. Індетпен күресуге атса­лыс­қан дәрігерлерге тиісті үстемеақы төле­нуде.

Қазіргі уақытта медицина қызметкер­лерінің мәртебесін арттыру өзекті мәселеге айналды. Дәрігерлерге берілетін әлеуметтік кепілдік аясын кеңейтіп, ынталандыру жүйесін жетілдіру қажет. Пандемия денсаулық сақшыларына қолдау көрсетудің аса маңызды екенін аңғартты. Біз тәуелсіздік алғалы бері бұл салаға мән беріп келеміз. Дегенмен әлі де атқаратын жұмыстар аз емес.

Коронавирус індеті медицина ғылымын дамытудың да өзекті екенін көрсетіп берді. Қазір бүкіл әлем осы салаға ерекше назар аударып, жұқпалы аурулармен күресті күшейтуде. Бұл – заңды құбылыс. Алдағы уақытта елімізде медициналық-биологиялық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені айбынды әскермен бірге мықты медицина да – мемлекеттің негізгі қалқаны. Бұдан былай оның өзектілігі арта түсетіні сөзсіз.

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында мо­дульдік жұқпалы аурулар ауруха­насы ашылды. Оның небәрі екі апта ішінде салынғанын білесіздер. Ауруха­на халықаралық талаптарға сай жабдық­талған. Оны арнайы барып аралап көр­дім. Сонымен қатар ғалымдарымыз диагнос­тикалық тест жүйесін әзірлеп шықты. Міне, осындай нақты жұмыстар саланы жетілдіре түсетіні сөзсіз. Денсаулық сақ­тау министрлігі алдағы уақытта да меди­ци­налық қызмет сапасын арттыру үшін ау­қымды әрі жүйелі жұмыс жүргізуі керек.

– Әл-Фараби мен Абай мерейтойлары аясында көптеген іс-шара жоспарланғаны белгілі. Енді осы жобаларды орындау тәртібіне өзгеріс енгізіле ме?

– Ұлыларды ұлықтап, даналарды дәріптеу – халқымыздың игі дәстүрі. Біз Әл-Фараби мен Абай мұрасын зерделеу ар­қылы қазақ даласындағы өркениеттің та­мыры терең екенін көрсетеміз. Сон­дық­­тан бұл мерейтойлар – бәрімізге үлкен сын.

Абай өзінің «толық адам» тұжы­ры­мын мирас етсе, Әл-Фараби «бақытқа жету жолындағы қайырымды қоғам» қағидасын өсиет етіп қалдырды. Ұлы ой­шылдардың әділдік пен ізгілік жөніндегі ұстанымы баршаға белгілі. Менің «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам осы қағидалармен үндеседі.

Мерейтойлар аясында мемлекеттік және өңірлік жоспарлар жасалды. Бүгінге дейін кейбір жобаларды жүзеге асырып үлгердік. Қазіргі ахуалға байланысты түрлі мерейтойлық шаралар онлайн форматында өткізілуде. Бұл жобалар әлеуметтік желілер мен интернет-ресурс­тарда да кеңінен насихатталады.

– Сіз сыртқы саясаттың қыр-сырын жетік білесіз. Көп жыл дипломатиялық қызметте болдыңыз. Қазіргі заманда ұлттық мүддеге берік болу үшін сыртқы саясатымызды қалай жүргізуіміз керек? Жалпы, пандемиядан кейін халықаралық қатынастар қалай өрістейді?

– Бүгінде бүкіл әлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл, әсіресе осы пандемиядан кейін анық байқалады деп ойлаймын. Осындай сын сағатта әр мемлекет, ең алдымен, өз азаматтарының қауіпсіздігін ойлайды. Бұл – заңды нәрсе. Бірақ мұндай күрделі кезең халық­аралық ынтымақтастыққа сызат түсір­меуі керек. Соңғы апталарда мен бірқа­тар елдердің және халықаралық ұйым­дардың басшыларымен телефон ар­қылы сөйлестім. Түркітілдес мемлекет­тердің ынтымақтастық кеңесінің бейнесаммитіне және Жоғары еуразия­лық экономикалық кеңес мүшелерінің онлайн форматындағы жұмыс кездесуіне қатыстым.

Қазір пандемиямен күрес жүргі­зу бағытындағы халықаралық ынтымақ­тас­тықты күшейту қажет. Осыған орай біз серіктес елдермен бірге күш жұмыл­дырып отырмыз. Бұл – індетке қарсы тұрудың негізгі жолы. Жалпы, сыртқы саясатымыздың сабақтастығы сақтала­тын болады. Өзіміздің дәстүрлі және жаңа серіктестерімізбен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыта береміз.

Сонымен қатар кез келген мемле­кет үшін басқа елдерден инвестиция тартудың маңызы зор. Сондықтан біз де сыртқы саясатта экономикалық дипломатияға баса мән береміз. Бұл – Қазақстанның ұзақ мерзімге арналған стратегиясындағы басым бағыттың бірі. Алдағы кезеңде де солай болып қала береді. Сыртқы саясат сөз жүзінде емес, іс жүзінде сындарлы болуға тиіс. Дипломатия саласы да індеттің салдарынан сабақ алғаны жөн.

– Президент қызметіне кіріс­кені­ңізге бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында бірқатар мақсат-мін­детті алға қойдыңыз. Жалпы, өз бастамаларыңыздың орындалу барысына көңіліңіз тола ма?

– Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Осы орайда мемлекеттілікті нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін маңызды бастамалар қолға алынды.

Ең алдымен, қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәсе­лелерді талқылап, тиімді ұсыныстар әзір­леу. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеу­меттік жаңғыру бағыттары бойынша көп­теген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаң­датқан түрлі мәселелер қызу талқыға түсті.

Заман талабына сай саяси реформалар жүргізілуде. Қазір менің бастамаммен Парламентте бірқатар маңызды заң­на­малық өзгерістер талқылануда. «Бей­біт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасы қарас­тырылып жатыр. Бұл еліміздің демократиялық дамуын айқындайтын өте маңызды құжат болатынына күмән жоқ.

Мәжіліс пен мәслихат депутат­тарының сайлауына түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Осыған орай заңға тиісті толықтырулар енгізу қарастырылуда. Сондай-ақ саяси партия­ларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру үшін заңнамаға маңызды түзетулер жасалмақ.

Осы өзгерістер саяси үдерістерді одан әрі либерализациялау жолындағы нақты қадам болады деп сенемін.  Жан-жақты саяси реформалар жалғасады. Бұл – біздің стратегиялық таңдауымыз.

Сондай-ақ азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасын ұсындым. Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеунік­тер­дің міндеті – ең алдымен, халыққа қыз­мет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқта­жына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар.

 Отандық бизнесті дамытуға арналған бірқатар бастама жүзеге асты. Менің тапсырмам бойынша шағын және микро бизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды. Олардың қызметі алдағы үш жыл бойы тексерілмейді. Сол үшін мораторий жарияланғанын білесіздер. Қазіргі төтенше жағдай кезінде де кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Оны жоғарыда атап өттім.  

Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.       

Аз қамтылған және көп балалы отба­сыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады. Жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейінгі кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. 

Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бюджет саласындағы басқа да қызметкерлердің жалақысы көбейтілуде.

Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 300 жасты іріктеп алдық. Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар саясатына арналған жаңа кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырдым.

Осы жылды «Волонтер жылы» деп жарияладым. Бүгінде бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін көріп отырмыз. Қазіргідей төтенше жағдайда волонтерлер аянбай еңбек етіп жүр. Күрделі кезеңде белсенділік танытқан жігерлі жастарды үлгі тұтуымыз керек.

Жалпы, бір жыл ішінде нақты жұмыстар атқарылды. Сондықтан елдің еңсесін көтеретін мұндай шешімдер алдағы уақытта да қабылдана береді.

– Келесі жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы орайда жаңа мүмкіндікпен бірге жаңа қауіп-қатердің де туындайтыны жасырын емес. Алдағы уақытта соған төтеп бе­ріп, елімізді өркендету үшін не нәрсеге баса мән бергеніміз жөн?

– Біз Елбасының салиқалы саяса­тының, халқымыздың ырыс-ынты­ма­ғының арқасында тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Осы жылдар ішінде тиімді басқару жүйесі қалыптасты. Егемен елі­міздің іргесін бекемдеу үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Өтпелі кезеңдегі бар­лық қиындықты еңсеріп, орнықты даму жолына түстік. Ендігі мақсат – осындай табыстарды еселеп, жаңа белестерді бағындыра беру.     

Әйгілі француз ойшылы Жан-Жак Руссо «Мықты мемлекет қана өз азамат­тарының еркіндігін қамтамасыз ете алады» деген екен. Халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанды мық­ты мемлекетке айналдыруымыз керек. Бұл ретте «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын берік ұстануымыз қажет.

Әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ соның бәрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді. Негізгі қауіп-қатерлер алда. Сондықтан қырағылық сақтай отырып, қиындықтарды еңсеруге әрдайым дайын болуымыз керек.

Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қор­ғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғам­дағы татулық пен келісімді, береке-бір­лікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғы­ры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қа­уіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады.

Бүгінде цифрлы технологиялар қар­қынды дамып, қоғамдық өмірдің түрлі саласына дендеп еніп келеді. Біз осы үрдіске баса мән беріп отырмыз. Бұл – қазіргі заманның басты талабы. Мұны коронавирус індетіне байланысты туындаған күрделі кезең анық аңғартты. Менің тапсырмам бойынша Үкімет «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында анықталған кемшіліктерді ескеріп, қайта қарайды. Цифрландыру үдерісі елімізді өркендетуге тың серпін беретіні сөзсіз. Оның мән-маңызы арта бермек.    

Елімізді өркендету үшін ұлттық экономиканы әртараптандыру үдерісін жалғастыра береміз. Осы жолда шағын және орта бизнеске барынша жағдай жасаған абзал. Сонымен қатар адами капиталды одан әрі дамытамыз. Бұл бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін қажет. Осыған орай білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларын да түбегейлі жаңғырту міндеті алдымызда тұр.

Тағы бір зор мақсат – елді еңбекке баулу. Шындықты айтсақ, шетелдерде халқымыз нағыз еңбекқор жұрт ретінде әлі таныла қойған жоқ. Бұл біздің беделімізге де едәуір нұқсан келтіреді. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетімізді дамытамыз, әл-ауқатымызды арттырамыз.

Сондықтан еңбекке баулу жастарға тәрбие берудің негізгі бағыты болу керек деп санаймын. Бұл ұлттың болашағына тікелей ықпал етеді. 

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, қалыптасқан жағдайға байланысты елді алаңдатқан өзекті сауалдарға жа­уап бердіңіз. Енді соңғы сұрақ. Сонымен қазіргі күрделі кезеңнен қандай ой түйдіңіз?

– Төтенше жағдай күнделікті өмірі­мізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспар­ланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсенің аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалықты маңызды екенін де аңғардық. Қалған дүниенің бәрін біртіндеп ретке келтіруге болады.

Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті. Көптеген азаматтар қиын сәтте елге қызмет етудің озық үлгісін та­ныт­ты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрі­­нісі. Кез келген күрделі кезең адам­ның жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлем­­ге жайылған індет тұсындағы ахуал хал­­қы­­мызды одан әрі ұйыстыра түсетіні анық.

Осы ретте, ұлы Абайдың «Тоқтау­лылық, қалыпты шыдамдылық – бұл қайраттан шығады, білсең керек» деген өлең жолы ойға оралады. Шын мәнінде, табандылық  пен төзімділік танытсақ, қиындыққа төтеп береміз. Еліміз бұл қиын­дықтан ширап әрі шыңдалып шы­ғады деп толық сеніммен айта аламын.

Барлық қиындықты бірге жеңеміз!

Әңгімелескен

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,

«Egemen Qazaqstan»

Мәліметпен бөлісу: