Президентім – мақтанышым, тірегім

2011 жылғы 10 желтоқсанда парламент сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына қол қойылып, егемен еліміздің күнтізбесін тағы бір айшықты атау толықтырды. Тұңғыш Президент күні! Түркі әлемінің атажұртында өз алдына отау тіккен Қазақ елінің тәуелсіз тарихнамасында осынау мейрамның өзіндік орны бар. Тарихы да тәуелсіздікпен тамырлас. Бұл мейрамның негізі болып 1991 жылы 1 желтоқсан күні өткен президент сайлауы алынған болатын. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде басым дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті атанды. 27 жылдық егемендік жолында еліміз сан қилы кезеңдерді бастан кешірді.  Үлкен қажыр қайрат, ұлтына деген ұлы махаббатпен елімізді осынау деңгейге жеткізген Елбасының еңбегі, сөзсіз, өлшеусіз. Елімізге еңсе тіктетіп, мемлекеттілігімізді мығымдап берген, халқымызды әлемге танытып, алаш баласының абыройын асқақтатқан Елбасының өмір өткелдері өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнегеге толы.

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде бар сән-салтанатымен аталып өткен Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы мұраты-ел бақыты» атты мерекелік шара бастауында көпшілікке көрсетілген бейнебаян Елбасының кемеңгер келбетін, бай болмысын жан-жақты ашып көрсетті.

Мерейлі мереке шымылдығын  аудан әкімі Марат Разбеков құттықтау сөзімен түрді. Атаулы күннің жасампаздыққа ұмтылған ел тарихындағы алар орнына, Ұлы дала ұландарына берер ұлағатына тоқталған Марат Мелісұлы сарқандықтарға шынайы лебізін ақтарды.

Мейрамға байланысты түрлі салаларда жемісті еңбегімен өңіріміздің көрсеткіштерін  көр-кейтіп жүрген бірқатар жандар аудан басшысының қолынан марапат алып, әріптестерінің ыстық ықыласын қабылдады. Бұдан соң аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Сәния Елюбаева  жерлестерін мерейлі мерекемен құттықтады.Салтанатқа жиналған көпшіліктің көтеріңкі көңіл-күйін аудан өнерпаздарының сан түрлі өнер көрсетілімдері одан әрі асырды.

Осылайша бабалар арманын орындап, көк туды көкке көтерген Елбасына деген ел құрметін тағы бір мәрте аталмыш мереке айшықтап берді.

 

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: