«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіне пікір

Арман ақиқатқа айналады

Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында, мәлімдемелерінде, Үндеулерінде халқымыз үшін ең маңызды мәселелер – Ел қауіпсіздігі, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-рухани даму жолдары нақтыланып, халықтың жағдайын жақсарту сынды өзекті мәселе талқыланады. Күні кеше ғана Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жылдар бойы алдыға мақсат етіп қойған бағыт-бағдарымыздың дұрыстығына иландырады. Президент тәуелсіздіктің ең тағдыршешеті сәттерінде өзін әрдайым қолдаған халқына алғыс айта отырып, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларын көпшіліктің талқысына салады.

Шындығына келсек жыл сайын тұрғын үй пайдалану көлемі артып келеді. Дегенмен де тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке қолжетімді еместігі үлкен қалаларда қымбат үйлердің бос қаңырап тұрып, отандастарымыздың жаппай баспаналы болуына қолбайлау болып отырғандығы баршаға белгілі. Осы үндеудегі «7-20-25» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығатындығы сөзсіз. Несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен аспайтын болса, бастапқы жарна 20 процент көлемінде болса, несие алушының ай сайынғы төлемін азайту мақсатында оның мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылса арманымыз ақиқатқа айналмай ма?

Жалпы алғанда Президенттің бес әлеуметтік бастамасының қай-қайсысы да жұртшылықтың жанына жақын. Табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу, жоғары білім алудың қолжетімділігін қалыптастыру, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру баршамыздың көкейіміздегі көкейкесті мәселе болатын. Мемлекет басшысының Қазақстанымыздың көркейіп, дами беруіне бастайтын игі бастамаларының шешімін табатындығына қалың қауымның атынан сеніміміз кәміл.

Жомарт ИГІМАН.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Алматы облысы, Сарқан аудандық мәслихатының депутаты.

Мәліметпен бөлісу: