2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды. Білім беру мекемелерінде жетілдірілген әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнама жүргізілді. Қоғамдық пікірді ескеру мақсатында ашық талқылаулар ұйымдастырылды. Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген.
Қазақстанның латын әліпбиіне біртіндеп көшетіні туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Комсомольская правда» газетінің ресейлік журналисіне берген сұхбатында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл үдерісті еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы аясында қолға алғанын айтты. Президенттің сөзінен: «Латын қарпіне көшу тек қазақ тіліне ғана әсер етеді, бұл орыс тілінің жағдайына әсер етпейді».
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басым бағыттарының бірі — қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Облыста бұл үрдіс кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстары көптеп ұйымдастырылып, айтылған ұсыныс-тілектер де қаперге алынуда.
Елімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру реформасы ҚР Үкіметі бекіткен үш кезеңнен тұратын ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес бекітілді. Әрбір кезеңде атқарылатын шаралар жоспарланып, мақсат-міндеттер айқындалды. Реформаны жүзеге асыру үшін қажетті материалдық, техникалық, кадрлық, т.б. алғышарттар қарастырылған.
Бәріміз білетіндей өткен жылы 14 қараша күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары аясында республика бойынша латын графикасы негізіндегі «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» өткен еді. Мәдениет және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, сол кезде республикалық акция еліміздің барлық өңірлерін қамтиды және оған шамамен 2 млн.қазақстандық қатысқан. Осыдан-ақ, ел халқының латын әліпбиіне көшу ісіне белсенділік танытып отырғанын аңғаруға болады.
Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ Сарқан аудандық филиалы қызметкерлері де осы реформаны жүзеге асыру мақсатында бірнеше шаралар ұйымдастырған болатын. Атап айтсақ, 2019 жылы сәуір айында филиал оқытушысы Тультекенова Назым Асқарбекқызы Нұр-Сұлтан қаласында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған 72 сағаттық «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбындағы тренерлерді дайындауға арналған курсынан өтіп келіп, орталықта латын әліпбиін оқыту курстары ұйымдастырылып, 2019-2020 жылдар аралығында барлығы-140 қызметкер латын әліпбиін оқу курсынан өтті. Оның ішінде-41 мемлекеттік, 94-бюджеттік, 5-жеке тұлға.
2019 жылы 3 қыркүйек күні «Латын әліпбиіне оқырмандық көзқарас» атты сауалнама жүргізілді. Сауалнаманы латыннегізді әліпби курсын оқып жүрген В2-1 топ, В2-2топ, В2-3топ тыңдаушылары толтырды.
11 қыркүйек күні Сарқан аудандық кітапханасында 45 бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлер арасында «Мың бала» жобасы бойынша Ассемблея ұйымдастырған «2019-jyl -jastar jyly» атты диктант жазылды. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойғанын барша халық ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл еліміздегі ерекше маңызды шешімдерінің бірі болды.
Рухани жаңғыру – бұл төл әдебиетімізді, мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық сананы ояту.
Ж.Мұсабаева,
Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ Сарқан аудандық филиалының меңгерушісі.