
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, биыл елімізде Құрбан айт мейрамы 27 мамыр күні басталып, үш күн бойы жалғасады. Мереке күндері құрбан шалу рәсімдері онлайн және офлайн режимдерінде ұйымдастырылып, шалынған мал еті еріктілер мен имамдар арқылы мұқтаж отбасыларға үлестіріледі.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен резонанстық жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы жоспар бекітіліп, мониторингтік рейд жұмыстары жүргізілуде. Облыс аумағында мал союға арналған 17 арнайы орын белгіленді. Бұл орындарда санитарлық-ветеринарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қатаң қадағаланады, ал мал сатылатын және сойылатын орындар туралы ақпарат тұрғындарға әлеуметтік желілер арқылы алдын ала хабарланады.
Сонымен қатар, бас имамдар арқылы тұрғындар арасында ысырапшылдыққа жол бермеу, дастархан мәзірін қарапайым етіп жаю және мал сою сәттерін фото-видеоға түсіріп, желіде жариялаудан тыйылу бойынша түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Қайырымдылық акциялары кезінде адамдардың жаппай сығылысуы мен таласуына жол бермеу мәселесі де қатаң бақылауға алынған.
Мереке аясында мешіттер жанына киіз үйлер тігіп, ұлттық ойындар мен көпэтносты қоғамды бірлікке шақыратын рухани-мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға тиісті қолдау көрсетіледі.
