Референдум қоғам сенімін күшейтеді

     Президент референдумды «маңызды демократиялық институт» деп атап, Қазақстанда «соңғы рет референдум 1995 жылы қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін» еске салды. Конституцияға содан бері «төрт рет түзету енгізілсе де», референдум әдісі қолданылмағанын атап өтті. «Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын анықтау ісіне қатысуға мүмкіндік береді» деген Қазақстан Республикасының президенті Қ.Тоқаев бұл елдің «демократияға бағыт алуына ықпал етеді» деді.

     Қазақстан Республикасының Конституциясына 1998 жылғы 7 қазандағы, 2007 жылғы 21 мамырдағы, 2011 жылғы 2 ақпандағы, 2017 жылғы 10 наурыздағы, 2019 жылғы 23 наурыздағы Заңдарымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген. Қазақстан Республикасының Конституциясы 98 бап, 9 бөлімнен тұрады. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғалы 2 рет Конституция қабылдады, тұңғыш Конституция 1993 жылы, 28 қаңтарда қабылданса, екінші рет Конституция 1995 жылы 30 тамызда қабылданды.

   Референдумда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; Парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.  

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдумды 5-маусымда өткізуді ұсынды. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деді Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында.

     Ата Заңға енгізілетін өзгерістер Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын айқындап береді. Бұл мақсатқа жету үшін биліктің халық үніне құлақ асып, ел пікірін ескеруі қоғам сенімін күшейтеді. Референдумды қолдаймын, бұл халықтың көптен күтіп жүрген жағдайы. Себебі демократия осыдан көрініс табады деп ойлаймын. Ата заңымызға референдум арқылы өзгерістер енгізу керек екендігін қолдаймын. Өйткені халық арасында дұрыс пікір, дұрыс әрекет болуы үшін әрбір заңымызды халықтың өзі қабылдағаны жөн.

Байжан СЕЙІТҚҰЛОВ,

Әл-Фараби атындағы орта мектептің

 құқық негіздері пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: