Республика күні қарсаңында Жетісуда жаңа емхана мен дәрігерлік амбулатория ашылып, жаңғыртылған екі аудандық аурухана пайдалануға берілді

Жетісу облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Республика күні қарсаңында Талдықорғанда бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын жаңа қалалық емхана пайдалануға беріліп, күрделі жөндеуден кейін Ақсу және Кербұлақ орталық аудандық ауруханалары ашылды. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Ескелді ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Елтай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған. Ғимаратта балаларды қабылдау, вакцинациялау, емшаралар жүргізу, скринингтен өткізу, стоматологиялық көмек көрсету, күндізгі стационар және басқа да медициналық қызметтерге арналған кабинеттер жабдықталған. Осының арқасында ауыл тұрғындары қажетті медициналық көмекті үйіне жақын жерде, анағұрлым қолайлы жағдайда ала алады.

Жаңа медициналық мекеменің ашылуын жергілікті тұрғындар көптен күткенін айтады. Өмір бойы осы ауылда тұрған 90 жастағы Әуғали Мырзахметов бұрын медициналық көмек 1959 жылы салынған шағын ғимаратта көрсетілгенін жеткізді.

– Мен өмір бойы осы ауылда тұрдым және жақсы медициналық мекеменің жақын жерде болғаны қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Жаңа амбулаторияның ашылғанына өте қуаныштымыз, өйткені бұл оқиғаны шамамен 20 жыл күттік, осы уақыт бойы мәселені көтеріп келдік. Бұрын шағын ескі ғимаратқа барып, медициналық көмек алуға тура келетін. Енді ауыл тұрғындары үшін әлдеқайда қолайлы жағдай жасалады. Осындай өзгерістердің Республика күні қарсаңында болып жатқаны ерекше қуантады, – деді ол.

Амбулаторияның ашылуы жас отбасылар үшін де ерекше маңызды. Ауыл тұрғыны Жанаргүл Ермурат жаңа жағдайлар болашақ аналар мен балаларға медициналық қызмет көрсетуді қолайлы ете түсетінін атап өтті.

– Мен үшін, болашақ ана ретінде, жаңа амбулаторияның ашылуы – өте қуанышты оқиға. Жақында отбасымызда үшінші бала дүниеге келеді, сондықтан денсаулық мәселесі біз үшін ерекше маңызды. Енді әр дәрігер пациенттерді жеке кабинетте, қолайлы жағдайда қабылдай алады. Бұл болашақ аналарға да, балаларға да, ауылдың барлық тұрғындарына да ыңғайлы. Бізге осындай қажетті медициналық нысанның ашылғанына ризамыз, – деді ол.

40 жыл өмірін медицина саласына арнаған Дамира Лятиева да ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ол еңбек жолында медициналық көмектің қолжетімділігі мен мамандардың жұмыс жағдайының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді.

– Медицина менің бүкіл өмірімнің ісіне айналды. Сондықтан ауылымызда заманауи амбулаторияның ашылып жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Медицина қызметкерлері үшін жақсы еңбек жағдайының болуы өте маңызды, өйткені пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасы көп жағдайда соған байланысты. Ал тұрғындар үшін ең бастысы – дәрігерге уақытында қаралып, қажетті көмек алу мүмкіндігі. Жаңа амбулатория халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, жерлестеріміздің денсаулығын сақтауға көмектессін, – деді ол.

Соңғы үш жылда Ескелді ауданда барлығы 25 әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде 18-і – денсаулық сақтау нысандары.

Айта кетейік, осы күні ауданның тағы бір елді мекені – Жалғызағаш ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеті ашылды. Соның арқасында 1230-дан астам адам тұратын Жалғызағаш және Биғаш ауылдары өртке қарсы қорғаумен қамтамасыз етілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өміралинов

Мәліметпен бөлісу: