
Жуырда
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының Абай атындағы мәдени демалыс кешенінде
«Абысын- ажын» республикалық байқауы өтті. Аталған байқауға
аудандық, облыстық сайыстарда топ жарып, Жетісу облысының намысын қорғауға
жолдама алған жерлестеріміз — Сарқан ауданы Қарабөгет ауылының абысындары
қатысты.
Еліміздің әр аумағынан абысын-ажындарға қойылатын талапқа сай дәстүр- салтты
жетік меңгерген әрі өнерімен қазылар алқасының, көремендердің көзайымына айналған
парасатты да білікті үміткерлер арасынан суырылып шыққан сарқандық Файзат
Құмарбаева, Ажархан Әлімхан, Гүлдерай Мырзалиева, Керімхан Қызырбай, Гүлнұр
Солтан жүлделі 3 орынды иеленіп, 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Үміткерлердің
өздерін додаға қосқан Қарабөгет ауылдық
мәдениет үйінің директоры Данияр Бижанов пен осы мәдениет ошағының қызметкері
Қастер Жанарбектің сенімін ақтап, республикалық сайыстан жүлделі оралуын Сарқан
ауданының әкімдігі қуанышты сезіммен қарсы алып, аудан орталығына кіреберісте
салтанатты түрде күтіп алды. Аудан әкімінің орынбасары Алмас Байғұнысов
өнерпаздардың алқалы сынаққа қатысуына демеушілік көрсеткен жерлестеріміз
Руслан Қожасбаев пен Саят Есімхановқа алғыс айтып, ауданның, Жетісу өңірінің
атын аспандатқан сайысқа қатысушылардың өнеріне өріс тіледі.
Қарсы алу рәсімінде жүлдегерлердің құшағы гүлге толып, әріптестерінің ыстық
ықыласына бөленді.
Өз тілшіміз.
