Республикам менің, мақтанышым, мерейім

Балаларды туған жерін, өскен елін, тамырлы тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық болмыс-бітімін ардақтап өтуге үйретуде, Отанға деген патриоттық сезімдерін оятуда еліміздегі мерекелердің өзіндік рөлі бар. Атаулы мейрамдардың ішінде 25 қазан – Республика күнінің орны ерекше. Өйткені 1990 жылы дәл осы күні Республиканың жоғары кеңесі еліміздің тәуелсіз мемелекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдады. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты. Өзін егемен ел ретінде жаһанға жария етті. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет — Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Сол уақыттан бері мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеу жолында келеді.

Жасамаздықтың, өршілдіктің, өркендеуге ұмтылудың нәтижесінде қоғамдық өмірдің барлық салаларында экономикалық өсу байқалып, ұлтаралық өзара татулық, азаматтық келісімнің сақталуына ерекше мән берілуде. Қазақстан халқы өзінің ұлтына, сеніміне, жасы мен дүниетанымына, білім деңгейіне қарамай, еліміздің гүлденуіне бағытталған әлеуметтік – экономикалық, саяси – қоғамдық өміріне белсене араласып келеді.

 Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев былтыр Республика күнін қайтарып, оған жаңа маңыз бен мазмұн берді. Президент пәрменімен 2022 жылы қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні яғни 25 қазан– ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні яғни 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды. Сондықтан елін, туған жерін сүйетін, елінің өткені мен бүгінін, тарихын тебірене де тереңдей оқып, тарихтың зерделі де шежірелі беттеріне үңілген ұландарымыз осынау күннің тарихын, мәні мен мазмұнын, азаттықтың жылнамасындағы орнын білуі тиіс. Ендеше аңсарлы азаттығымыз бен тұғырлы тәуелсіздігіміз баянды болсын. Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істерміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!

Іңкәр НОҒАЙБАЕВА,

Абай атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: