Бүгінгі таңда қазақ оқырмандарының назарын аударып отырған өзекті пікірталастың бірі – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясы. Ұлтымыздың рухани әлемі үшін маңызды болып табылатын осынау өзекті мәселеге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі ұсыныстар, ой-пікірлер тасқыны үздіксіз орын алуда.
Латын әріпіне көшу – бұл әлемдік білім саласын игеру үшін жасалып отырған оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Әлемдік деңгейде қазақ жастарының биік белесте болуы үшін де латын графикасына ауысуымыз өте маңызды болып табылады. Бұл – әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсетететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді.
Қазақ тілінің латиницаға көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Латын алфавитін енгізу – еліміздің білімді жастарының қатарының көбеюіне, сол дарынды балаларымыздың әлем елдерінің жастарымен иық тірестіре отырып шыңдалуына қолдау болады. Себебі ұстаздар мен оқушылар үшін әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің білім беру жүйесімен тығыз қарым-қатынаста болулары үшін ұсынылған латын әліпбиін енгізу зор үлес қосары анық.
Латын әліпбиіне көшудің ұтымды жақтары бұл айтылғандармен шектелмесе керек. Оны уақыттың төрелігіне қалдырайық!
А.Құрманғалиева,
аудандық соттың бас маманы